Ақтөбе облысында бір үйдің адамдарын кепілге алған адам өмір бойына сотталуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 03 шіл. 2025 18:00

Ақтөбеде кепілге алу және қос адам өлтіру ісі бойынша прокурор күдікті Басановты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz Қазақпаратқа сілтеп. 

Ақтөбе облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі межрайондық сотында Сарсенбек Басановқа қатысты іс бойынша жарыссөз өтті. Ол 2025 жылдың қаңтарында әйел адамды кепілге алған және сол оқиға барысында зардап шеккен әйелдің ата-анасын өлтірді деген айыппен сотқа тартылып отыр.

Тергеу мәліметінше, әйел адамды босату кезінде полиция қызметкерлері Ақтөбедегі жеке тұрғын үйдің жертөлесінен қарт ерлі-зайыптылардың - кепілге алынған әйелдің ата-анасының - мәйітін тапқан.

Соттағы жарыссөз кезінде прокурор Гүлзира Көшербаева айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін атап өтті. Оның айтуынша, куәлардың жауабы, жәбірленушілердің сөздері мен сараптама қорытындылары Басановтың қылмысын нақты көрсетеді.

"Басановтың кінәсі толық дәлелденіп, дұрыс бағаланды деп есептеймін. Оның әрекеті аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Кінәсін жеңілдететін ешқандай жағдай жоқ. Ол психиатр мен наркологта есепте болмаған, қылмыс жасаған күні ес-түсінде, сау күйде болған. Сол себепті, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары, 126-бабы 2-бөлігінің 3, 4-тармақтары және 127-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сонымен қатар, жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын толық қанағаттандырып, оларға моральдық және материалдық өтемақы өндіруді сұраймын", – деді прокурор Көшербаева.

Жәбірленуші тарап прокурордың талаптарын толық қолдады.

Ал айыпталушы Сарсенбек Басанов жарыссөзде сөз алып, өзін аса қатыгез адам емеспін деп сипаттап, соттан жазаны жеңілдетуді сұрады.

"Менің жалғыз анам және кішкентай балам бар. Мен қатігез адам емеспін. Көп нәрсені армандадым, отбасы құрып, бақытты өмір сүргім келді. Анам кеше келді, «енді сені көре алмайтын шығармын» деді. Өмір сүруді, баламды өсіргім келеді. Өтінемін, жазаны жеңілдетіңіздер", – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар