Halyk Bank АХҚО арқылы тағы 500 млн доллар қарыз ақша тартпақшы

Кәмшат Тілеухан 03 шіл. 2025 15:17

Halyk Bank "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) AIX биржасына  500 млн доллардың борыштық міндеттемелеріне ие бағалы қағазарды орналастырады. Облигацияларды орналастыру мерзімі 4 шілдеге белгіленген. Бұл - банктің 1,5 млрд  доллардың бағалы қағаздар бағдарламасы аясындағы төртінші траншы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

5 мың дана бағалы қағаз шығарылады, әрқайсысының номиналды құны – 100 мың доллар. Купондық сыйақы мөлшерлемесі  3,5% құрайды, ал өтеу мерзімі – екі жыл, яғни 2027 жылдың шілдесіне дейін. Купон иелеріне жарты жылда бір рет төлем жасалады.

Шарттары Halyk Bank-тың 30 мамырда орналастырылған 300 млн және 500 млн доллар сомасындағы қағаздары бойынша өткен транштарына ұқсас. Бұл заемның мақсаттары, банк атап көрсеткендей, қорландыру көздерін әртараптандыруды қоса алғанда, жалпы корпоративтік сипатқа ие. 20 мамырда банк 200 млн долларға 3,5% мөлшерлемемен екі жылдық облигациялар шығарды. Барлық заемдар 2030 жылдың соңына дейін AIX-те тіркелген несиелік ұйымның облигациялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Шамасы, жаңа несие оның шеңберінде соңғысы болмақ, өйткені мәлімделген сома толықтай игерілген.

Айта кетсек, Қазақстан қор биржасында (KASE) сауда-саттық барысында 2025 жылғы 1 шілдеде Halyk Bank акцияларының 1 данасының құны 320,5 теңгеге жетті. Осылайша 2011 жылдың шілдесінен бері алғаш рет баға 320 теңгеге көтерілді. Сондай-ақ, 2024 жылы Halyk Bank басқарма мүшелеріне 4 млрд теңге төлегені белгілі. Бұл жыл бойындағы барлық төлемдер, соның ішінде ол жалақы, демалыс кезеңіне бөлінетін төлемдер мен  бонустарды да қамтиды.  

Halyk Bank-тың табысы 2025 жылдың І-тоқсанында 275 млрд теңгені құрады және 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларымен (178 млрд) салыстырғанда 54,5%-ға өсті.

Halyk Bank маусым айының басындағы жағдай бойынша активтер мөлшері бойынша Қазақстанда бірінші орында келеді: 18,6 трлн теңге. KASE деректері бойынша, айналымдағы бағалы қағаздардың 69,77%-ында Halyk Bank-тің мажоритарлық акционері "Алмэкс" холдингтік тобының үлесі бар. Ол өз кезегінде ерлі-зайыпты Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі. Halyk Bank акцияларының тағы 28,11% номиналды ұстаушысы -The Bank of New York. Банктің тағы 223,3 млн немесе 2,05% бағалы қағаздары KASE-де саудаланады, сондай-ақ ол да миноритарийлерге тиесілі. Айналымнан тағы 2,6 млрд бағалы қағаз алынып қойылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар