Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс жұмыстары толық аяқталды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілмеген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметті жаңғырту нәтижесінде химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарып, 42%-ға азайған. Соған қарамастан, егістіктерді зиянкестерден қорғау толық қамтамасыз етілген.

Биыл химиялық өңдеу жұмыстары 1,8 млн гектар аумақта агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізілген.
Министрлік мұны жаппай химиялық өңдеуден зиянкестердің таралуын ерте анықтап, ошақтарды дер кезінде оқшаулауға негізделген жаңа басқару жүйесіне көшумен байланыстырады.
Саланы цифрландыру аясында фитосанитариялық ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесі іске қосылған. Сондай-ақ мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 103 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынып, бүрку техникасының саны 427-ден 556 бірлікке дейін көбейтілген.

Министрліктің мәліметінше, жүргізілген реформалардың нәтижесінде 2026 жылы бюджет шығыстары 2024 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге немесе 25%-ға қысқарған.
Қазіргі уақытта шекара маңындағы өңірлердегі фитосанитариялық жағдай тұрақты. Министрлік шегіртке зиянкестерінің көшу деректері тіркелмегенін, қажетті техника шекаралық аймақтарда дайын тұрғанын және фитосанитариялық ахуалға тұрақты мониторинг жалғасып жатқанын мәлімдеді.