Қазақстандағы онкологиялық науқастар Денсаулық сақтау министрлігінің томотерапияны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен алып тастаған бұйрығына наразылық білдіріп, Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Пациенттердің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығынан кейін томотерапияны мемлекет есебінен алу мүмкіндігі тоқтатылған. Бұл шешім ем қабылдап жүрген науқастарға да әсер еткен.
Үндеу авторларының сөзінше, емді аяқтау үшін енді науқастар қызмет ақысын өздері төлеуге мәжбүр. Қаражаты жоқ адамдар емді жалғастыру мүмкіндігінен айырылып отыр.
Пациенттер томотерапия алты жыл бойы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көрсетіліп келгенін айтады. Олардың пікірінше, бұл емдеу әдісі қатерлі ісіктің көптеген түрінде қолданылады және кейбір науқастар үшін, соның ішінде сүйек кемігін трансплантациялау алдында, баламасы жоқ ем саналады.
Осыған байланысты олар Бас прокурордан Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығына наразылық енгізуді сұраған. Науқастар бұл құжат денсаулық сақтауға қатысты конституциялық құқықтарын шектеп, өмірлік маңызы бар емге қолжетімділікті төмендетіп отыр деп есептейді.
Үндеуде айтылғандай, жаңа талаптардың салдарынан кейбір азаматтар ем ақысын төлеу үшін мүлкін сатып, несие рәсімдеуге немесе қайырымдылық қорларынан көмек сұрауға мәжбүр болған. Сондай-ақ бірқатар науқас ем алу үшін шетелге, әсіресе Түркияға кетіп жатқанын мәлімдеген.
Денсаулық сақтау министрлігі әзірге бұл үндеуге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.