Қазақстанда жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі азайды

Қазақстанда жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі азайды
Фото: kapital.kz

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанның жергілікті бюджеттеріне түскен салық көлемі 3,7 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,6 млрд теңгеге аз, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алайда өңірлердегі жағдай біркелкі емес. Елдегі 20 өңірдің 10-ында салық түсімі артса, қалған 10 өңірде төмендеген.

Economykz.org мәліметінше, салық түсімі ең жоғары өсім көрсеткен өңірлердің қатарында Ақмола облысы – 17,7 пайыз (15,9 млрд теңгеге), Алматы облысы – 16,9 пайыз (40,5 млрд теңгеге), Павлодар облысы – 13,6 пайыз (23,6 млрд теңгеге), Астана қаласы – 6 пайыз (31 млрд теңгеге) және Абай облысы – 6 пайыз (3,5 млрд теңгеге) артқан. Сонымен қатар Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында да салық түсімі өткен жылмен салыстырғанда көбейген.

Ал ең үлкен төмендеу Атырау облысында – 13 пайызды (47,7 млрд теңге), Маңғыстау облысында – 12 пайызды (16,6 млрд теңге), Батыс Қазақстан облысында – 10,4 пайызды (10,5 млрд теңге), Қарағанды облысында – 8,3 пайызды (15,2 млрд теңге) және Алматы қаласында – 5,5 пайызды (51,7 млрд теңге) құрады. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында да жергілікті бюджетке түскен салық көлемі азайған.