Білім грантына 127 мың талапкер өтініш берді: қай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Білім грантына 127 мың талапкер өтініш берді: қай мамандықтарға сұраныс жоғары?
Фото: baq.kz

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 127 мыңға жуық талапкер өтініш тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, былтыр грант конкурсына қатысу үшін 113 мың өтініш қабылданған. Ал биыл бакалавриатқа түсуге 75 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлініп отыр.

Ведомствоның мәліметінше, гранттардың 60 пайызы инженерлік, өңдеу және құрылыс бағытындағы мамандықтарға бөлінген. Тағы 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, қалған 20 пайызы еңбек нарығындағы сұраныс ескеріле отырып өзге білім беру бағыттарына қарастырылған.

Министрлік талапкерлердің мамандық таңдауы соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өзгермегенін атап өтті.

"Өтініштердің басым бөлігі “Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары”, “Педагогикалық ғылымдар” және “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” бағыттарына берілді", – делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ қабылдау науқанының қорытындысы бойынша болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар және мұғалімдер арасында бір гранттық орынға ең жоғары бәсеке қалыптасады деп күтіліп отыр.

Білім гранттарын тағайындау туралы түпкілікті шешімді мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері кіретін Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды.

Министрліктің мәліметінше, грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызда аяқталады.