Депутаттың даулы мәлімдемесінен кейін "СҚ-Фармация" басшылығы ауысты

Көркем Алдабергенова 03 шіл. 2025 12:06

«СҚ-Фармация» ЖШС жаңа Басқарма Төрағасы болып Асылбеков Нұрлыбек Әбибуллаұлы тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«СҚ-Фармация» ЖШС-не тағайындалғанға дейін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасын басқарды.

Нұрлыбек Асылбеков 1966 жылы 24 маусымда дүниеге келген. 1990 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент қаласындағы филиалын; 2003 жылы М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын; 2006 жылы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтын бітірген. «Провизор», «Заңгер», «Экономист» мамандықтары бойынша.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының «Фармация» АҚ-да провизор-технолог және бас маман болып бастаған.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға арыз жазды. Ол "СҚ-Фармация" ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы, Бірыңғай дистрибьютор және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты тексеріс жүргізуді сұрады

Депутаттың айтуынша, бұған дейін берген уәдесінде тұрып, Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында мемлекетке айтарлықтай залал келтірген заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін Бас прокуратураға төрт өтініш жолдамақ:

  • "СҚ-Фармация" ЖШС мен фармацевтикалық индустрия субъектілерінің қызметіне қатысты;
  • ӘМСҚ (МӘМС) және медициналық ұйымдарға қатысты;
  • Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларға қатысты;
  • 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі Үкімет есебі бойынша бірқатар министрлікке қатысты.

"Кеше Бас прокуратураға "СҚ-Фармация" ЖШС мен фармацевтикалық сала субъектілеріне қатысты алғашқы өтінішім жолданды. Өтінішімді әріптесім Мұрат Әбенов қолдап, бірге қол қойды. Прокуратура органдары тарапынан фармацевтикалық салаға ауқымды тексеріс жүргізіледі, құқық қорғау органдары тарапынан соталды тергеулер, сондай-ақ, сот процестері болады, қамауға алынады деп күтеміз", - деді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін депутат МӘМС-ке қатысты Бас прокуратураға арыз дайындап жатқаны белгілі болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар