ҚМДБ бетті тұмшалайтын киімге тыйым салынуына қатысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 03 шіл. 2025 16:43

ҚМДБ елімізде бетті тұмшалайтын киімге тыйым салынуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінде елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Соның бірі – бет-әлпетін толық жабатын киімге (оның бірі ниқаб) қоғамдық орындарда тыйым салу туралы жаңа шектеулер.

"Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда", -  делінген жауапта. 

Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген.

"Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған. Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды. Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік", - дейді ҚМДБ өкілдері. 

Еске салайық, 30 маусымнан бастап Қазақстанда бет-жүзді бүркейтін киім киюге тыйым салынды.

Тыйым салу нормасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын жетілдіру, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметіндегі артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар