Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адамның жүзін жасыратын киімдерге қатысты мәселені реттейтін заңға қол қойды. Мұндай киімдерді киюге енді ресми түрде тыйым салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тыйым салу нормасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын жетілдіру, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметіндегі артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілді.
Заң мәтінінде былай делінген:
"Қазақстан Республикасының заңдарында, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерде, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау кезінде, ауа райының ерекшеліктеріне байланысты, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын тұлғалардан басқа жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешек киюге тыйым салынады".
Еске салайық, маусым айының басында Сенат қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салуды қарастыратын түзетуді ұсынған еді.