2024 жылы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшыраған AZAL («Azerbaijan Airlines») әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағына қатысты тергеу аясында 100-ге жуық сараптама тағайындалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әзербайжан Бас прокуратурасы Тергеу басқармасының басшысы Неймат Авазов брифинг барысында қазіргі уақытта сараптамалардың көпшілігі жүргізілгенін мәлімдеді.
Соңғы күндері сарапшылар тобының бір бөлігі Қазақстанға іссапармен келіп, тиісті құрылымдармен кең көлемді және жан-жақты консультациялар өткізген.
Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары екі елде – Әзербайжан мен Қазақстанда – қатар жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау әуежайы маңында AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған болатын. BES.media дерегінше, апатқа қатысты алғашқы тергеу қорытындылары алдағы уақытта жариялануы мүмкін.