Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ұялы байланыс операторларының тарифтері қымбаттаса да, интернет пен мобильді байланыс сапасының жақсармай тұрғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Журналистер халық тарапынан байланыс сапасына қатысты шағымдар көбейгенін атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл мәселе қалалардың қарқынды түрде кеңеюі және жаңа құрылыс нысандарының көптеп бой көтеруімен тікелей байланысты.
"Қазір қалалар белсенді түрде кеңейіп жатыр. Жаңа шағынаудандар пайда болуда. Мұндай аймақтарға базалық станциялар орнатылып, қосымша антенна-мұнара қондырғылары салынуы тиіс. Бұған белгілі бір уақыт қажет. Бұл – мобильді операторлардың жауапкершілігі. Егер азаматтарда нақты шағым болса, "e-Otinish" жүйесіне өтініш түсірсе болады. Біз шағым бойынша тексеру жүргізіп, операторларға тиісті тапсырма береміз. Егер мәселе шешілмесе, айыппұл салынады", – деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің сөзінше, ведомство мобильді операторлардың жұмыс сапасын тұрақты түрде бақылап отырады.
"Министрліктің арнайы радиожиілік қызметі байланыс сапасын өлшеп отырады. Интернеттің ең төменгі жылдамдығы мен байланыс сапасына қатысты нақты нормативтер бекітілген. Осы талапты бұзғандарға шара қолданамыз. Қазіргі кезде операторларға салынатын айыппұл көлемін 3-5 есеге дейін арттыруға қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізіліп жатыр", – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан азаматтары мобильді байланыс операторларынан тариф бағасы көтерілмейтіні туралы хабарлама ала бастаған болатын.