Перизат Қайратқа қатысты қордың тағдыры түбегейлі шешілді, - деп хабарлайды Dalanews.kz
Астананың апелляциялық соты Перизат Қайрат құрған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорын тарату туралы шешімді күшінде қалдырды.
Бұған дейін Экономикалық сот Әділет министрлігінің талап-арызы негізінде қорды мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім шығарған болатын. Сот материалдарына сәйкес Перизат Қайрат қорды тіркеу кезінде өзге "құрылтайшылардың" қолдарын қолдан жасап, жалған құжат тапсырған. Сот сараптамасы бұл деректі растаған, ал хаттамада аты-жөні көрсетілген адамдар бұл жобаға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Сот тіркеу барысында заң талаптары бұзылғанын және азаматтардың келісімінсіз олардың жеке деректерін пайдалану арқылы конституциялық құқықтары бұзылғанын анықтап, дәл осы жағдай қорды таратуға негіз болғанын мәлімдеді.
Еске салайық, жуырда Перизат Қайрат пен анасының ісі сотқа түсті.
"Олар Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ, Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан аса теңгені жымқырған деп айыпталып отыр", - деп жазылған бұған дейінгі прокуратураның хабарламасында.