Астанадағы оқу орнында заңсыз көші-қон схемасы ұйымдастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, күдікті арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жалған құжаттарды пайдаланып, жақын шет елдерден келген ондаған азаматқа Қазақстанда уақытша тұруға рұқсатты заңсыз рәсімдеген.
"Тінту барысында дайын медициналық бланктер, мөрлер, электрон тасымалдағыштар және заңсыз қызметке қатысты басқа да құжаттар тәркіленді, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Одан бөлек елордадағы оқу орындарының бірінде шетелдіктерді заңдастыру бойынша осыған ұқсас қылмыстық схема анықталды. Оқу орнының екі қызметкері алыс шетелдің 68-ден аса азаматына жалған оқуға шақыру құжатын рәсімдеген. Кәсіпкермен шетелдік студенттерді тарту туралы жалған келісім жасап, оқу процесін "қолдан" ұйымдастырған. Осы құжаттар негізінде шетел азаматтары Қазақстанға келіп, заңсыз жұмыс істеген.
"Бұл деректер бойынша "заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" бабымен соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Биыл осындай сегіз заңсыз арна анықталды", - деді Қанат Нұрмағамбетов.