Мамыр айында Қазақстан Ұлттық Банкі әлемдегі ең белсенді алтын сатып алушылардың бірі болды. Бұған World Gold Council (WGC) ұсынған деректер дәлел бола алады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан бір айда алтын қорын 7,4 тоннаға ұлғайтқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
WGC мәліметінше, мамыр айында әлемдік орталық банктер өз резервтері үшін 20,5 тонна алтын сатып алды. Бұл - сәуір айынан біршама көп (15,6 тонна) көлем, бірақ өткен жылдағы орташа деңгейден аз (шамамен 27 миллион тонна).
"Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы өз резервтерін геосаяси күйзелістерден қорғауға тырысатын орталық банктер үшін алтынның стратегиялық тартымдылығын арттырған болуы мүмкін", – дейді WGC сарапшысы Марисса Салим.
Қазақстаннан кейінгі екінші орында Түркия тұр. Анкара алтын қорын 6,4 тоннаға ұлғайтты. Олардың ізін Польша (6,2 тонна), Қытай (1,9 тонна), Чехия (1,6 тонна), Қырғызстан (1,3 тонна) және Камбоджа (1 тонна) елдері басады.
Сонымен қатар, Сингапурдың Орталық банкі (-5,4 тонна), керісінше алтын сатудан көшбасшылық етеді. Одан кейін Өзбекстан мен Германия Орталық банктері орналасқан, олар резервтерін 1 тоннаға азайтты. WGC сауалнамасына сәйкес, әр түрлі орталық банк өкілдерінің 43%-ы алдағы жылы өз елдері алтын сатып алуды жоспарлап отырғанын айтқан.