Өткен демалыс күндері Алматыда бірнеше адамның ұсталуымен аяқталған заңсыз митинг өтті. Әкімшілік шара қолданылғандардың арасында тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясы белсенділерінің бірі Аружан Дүйсебаева болады. Сол күні Инга Иманбаева өзінің Facebook-тегі парақшасындағы жазбасында осы жағдайды маған сенім білдіруші Бауыржан Байбекпен байланыстыруға тырысты.
Көріп отырғанымыздай, И.Иманбаева мен Ж.Мамай қоғамдық пікірді манипуляциялауға және өздерінің заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілікті басқаларға артуға тырысып, тағы да өздерінің құқықтық тұрғыдан толықтай сауатсыздығын көрсетіп отыр.
Ж.Мамай мен И.Иманбаева үшін А.Дүйсебаеваның рұқсат етілмеген митингке қатысу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғау – бұл толықтай құқық қорғау органдарының құзыреті екенін арнайы түсіндіріп өткім келеді. Б.Байбек ешқандай арыз берген жоқ, өйткені ол бұған дейін сотта өзінің абыройын қалпына келтіру құқығын толығымен іске асырды.
Тағы да еске сала кетейін, Мамай мен Иманбаеваның көпе-көрнеу өтірігі мен жала жабуына қарамастан, Б. Байбек әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке бастамашы болмай, тек азаматтық-құқықтық тәртіпте сотқа жүгінді.
Осыған байланысты мен А. Дүйсебаеваның ісі бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін Алматы қаласының полиция департаментіне тиісті сұрау жолдадым (қоса беріліп отыр).
Ал И.Иманбаеваның мәлімдемесіне келетін болсақ, ол процесті саясиландыру мақсатында әдейі жасалған деп есептеймін. Бұл бізге қысым көрсету және жауапкершіліктен жалтару мақсатындағы тағы бір өтірік пен жала жабу екенін жауапкершілікпен айта аламын.
Өздеріңіз білетіндей, жауапкерлер заңды күшіне енген сот шешімін орындай бастады. Сот орындаушысы Б.Байбектің өтініші бойынша Мамай мен Иманбаеваның шотынан аутизмі бар балаларға көмек көрсету үшін «Болашақ» корпоративтік қорының қайырымдылық шотына 876 402 теңге аударды.
Сонымен қатар, Б.Байбекке жала жапқан видеосын теріске шығару және жою бөлігіндегі сот актісі әлі орындалған жоқ. Сондықтан сот орындаушысы заңда көзделген мәжбүрлеу сипатындағы тиісті шараларды қолданады.
Мәселен, мерзімі өткен әрбір күн үшін Мамай мен Иманбаевадан мемлекет кірісіне 2 АЕК (5 834 теңге) көлемінде өсімпұл өндіріп алынатын болады. Әрі қарай сот актісін орындамағаны үшін олар әкімшілік (айыппұл немесе қамауға алу), содан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Бұл жерде мәселе өте қарапайым: материалды өшіру және өзінің YouTube арнасында теріске шығару, болмаса заң бойынша жауап беру. Таңдау өздерінде. Заң барлығына ортақ және біз оның мүлтіксіз орындалуына қол жеткізетін боламыз!
Тағы бір көңіл бөлерлік фактіні атап өткім келеді. И.Иманбаева жазбасын жариялаған және Ж. Мамай заңсыз митинг өткізген күні «Нурсултанский соловей» (бұрынғы – «Uzyn Qulaq») телеграм-арнасында Б.Байбекке қатысты «төбеден» алынған кезекті жала жабу жазбалары орналастырылды.
Өздеріңіз білетіндей, Ж.Мамай мен И.Иманбаева «зерттеулер» деп аталатын мәлімдемелеріне деректерді сотқа екі күн қалғанда атауын өзгерткен осынау анонимді телеграм-арнадан алған болатын. Ол ақпараттың мүлдем дәлелсіз жалған екені 2 сот инстанциясындағы отырыс барысында дәлелденді.
Конституцияға қарсы іс-қимыл жүргізетін және ішкі алауыздықты қоздыратын бұл арна кезекті рет лас жалған ақпараттарын таратты, бұлар шамасы жалған журналист Мамайдың алдағы уақыттағы тағы бір «жаңалық ашуына» негіз болуы ықтимал.
Сонымен, Қауымдастық пен «Болашақ» корпоративтік қорын пайдакүнемдік мақсатта пайдалану туралы қисынсыз және ойдан шығарылған айыптар келтірілуде. Бұл екеуі де үкіметтік емес ұйым және коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Олардың қызмет саласы тек әлеуметтік жобаларға қатысты.
Мысалы, «Болашақ» қоры 10 жылдан бері жеке демеушілік және қайырымдылық қаражат есебінен ғана әлеуметтік маңызды жұмыстарды атқарып келеді, көп жағдайда мемлекеттің міндеттерін орындап отыр. Мәселен, «Өзіңнен баста – Қазақша сөйле» жобасы аясында «Disney» компаниясының стандарттары бойынша отбасылық көрсетілім үшін 38 үздік әлемдік фильм қазақ тіліне аударылды. «Әрбір бала мектепке лайық» жобасы бойынша өңірлерде 59 мамандандырылған оңалту мекемесі, оның ішінде 2 мыңға жуық аутизмі бар балаларды қамтитын 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, жарақтандырылды. Бұл қоғам игілігі үшін атқарылған пайдалы істердің аз бөлігі ғана.
И.Иманбаева мен «Нурсултанский соловей» материалдарының үйлесе шығуы, олардың стилистикасы мен мазмұнының сәйкестігі, сондай-ақ өтірік пен айла-шарғыға толық негізделген жұмыс әдістері олардың түпкі бенефициарлары бір тұлға екенінен хабар береді.
Желі қолданушыларының өткен сот процесінің қорытындысы бойынша Мамай мен Иманбаеваның шын мәнінде кім екенін, сондай-ақ «Нурсултанский соловей» телеграмм-арнасы мемлекетке қарсы қандай жұмыс жүргізетінін біле отырып, өтірікті шындықтан ажырата алатынына сенімдімін.
Сондықтан, мен заңгер ретінде Ж.Мамай мен И. Иманбаеваға қатысты соттың заңды шешімінің орындалуына қол жеткізіп, заң үстемдігі қағидатының іске асырылуын қамтамасыз ететін боламын.