Wеdrink төңірегіндегі дау: шошқа ДНҚ-сы туралы ақпарат шындыққа жанаса ма?

Қаракөз Амантай 27 сәу. 2026 17:00

Қазақстан нарығында аз уақытта танымал болған, жастар мен балалардың сүйікті сусынына айналған Wedrink бренді кейінгі күндері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Желіде өнім қауіпсіздігіне қатысты күмәнді ақпараттар желдей ескен. Әсіресе құрамында “шошқа ДНҚ-сы болуы мүмкін” деген болжамдар көпшіліктің үрейін туғызды. Аталған айыптаулар қаншалықты негізді? Таралған ақпарат шындыққа жанаса ма? Dalanews.kz редакциясы мәселенің мән-жайын анықтап, құзырлы мемлекеттік органдар мен мамандардан ресми жауап алды.

Желідегі дүрбелең

Instagram және Threads платформаларында Wedrink сусындарына қатысты теріс пікірлер қарша бораған. Қолданушылар өнімді "химиялық қоспаларға толы", “денсаулыққа баяу әсер ететін тәтті у" деп айыптап жатыр.

Бұдан бөлек, өнім құрамында шошқа ДНҚ-сы және харам саналатын "кармин" бояғышы болуы мүмкін деген болжамдар да кездеседі.

Сондай-ақ бірқатар қолданушы Wedrink-тің ҚМДБ тарапынан берілген халал сертификаты жоқ екенін алға тартқан.

Тіпті әлеуметтік желіде брендке қарсы петиция бастау туралы ұсыныстар да пайда болған.

“Халық бұл брендке қарсы петиция көтеруі керек. Қараңыздаршы, ондаған бала кезекте тұр. Екі жылдан кейін олардың ата-аналары “қызымның асқазанында 4-сатыдағы қатерлі ісік бар” немесе “ұлымда ми ісігі анықталды” деп емге халықтан ақша жинап жүрмесіне кім кепіл? Бұл бренд ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіріп отыр”, – делінген danday.amokachi жариялаған жазбада.

Сондай-ақ автор мәселеге құзырлы органдардың араласуын талап еткен.

“Бұны санитарлық қызмет, Денсаулық сақтау министрлігі, әсіресе ҰҚК қатаң тексеруі керек”, – деп жазды ол.

Сонымен қатар жазба авторы Wedrink нүктелеріне қатысты қатаң шаралар қолдануды ұсынған.

“Жай ғана бойкот жариялау жеткіліксіз. Бұл нысандарды толық жабу керек және оларға рұқсат берген жауапты тұлғаларды жауапқа тарту қажет”, – делінген жазбада.

Сарапшы пікірі

Халал өнімдерді зерттеуші маман Асқар Есқайыр да Wedrink өнімінің сертификаты мен құрамына қатысты күмән барын жеткізді. Оның сөзінше, компания иеленген "АХИК" сертификаты Қазақстанда аккредитациядан өтпеген.

“Бұл мекеменің Қазақстанда сертификат беруге құқығы жоқ. Сондықтан оған сену қиын. Сондай-ақ қызыл түсті концентраттар мен сүт ұнтақтарының құрамы толық ашып көрсетілмеген. Эмульгаторлар мен тұрақтандырғыштардың тегі белгісіз болғандықтан, өнімді толық халал деп айта алмаймыз", – дейді сарапшы.

Wedrink компаниясының жауабы

Wedrink компаниясының өзі әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға қатысты ресми мәлімдеме жасап, бұл айыптауларды жоққа шығарған. Компания өкілдері өнімдері барлық қажетті сапа және қауіпсіздік талаптарына сай екенін, сондай-ақ жалған ақпараттың іскерлік беделге нұқсан келтіретінін мәлімдеген. Сонымен қатар қажет болған жағдайда заң аясында шаралар қабылданатынын ескерткен.

Ресми сайттағы деректер

Компанияның ресми парақшасына сүйенсек, Wedrink – Қытайдағы Runxiang Catering компаниясына тиесілі халықаралық желі. Бренд әлем бойынша мыңдаған нүктесі бар екенін алға тартқан.

Қазақстан нарығында да желі қарқынды кеңейіп жатқаны ашық деректерде расталған. Мәселен, тек Алматы қаласының өзінде ондаған, ал кей деректерде 100-ден астам нүктесі бары көрсетіледі.

Әлеуметтік желіде тараған пікірлердің ішінде брендтің бизнес-моделіне қатысты да түрлі болжам айтылып жатыр. Мәселен, Threads платформасындағы қолданушылардың бірі Wedrink желісінің Қазақстан бойынша шамамен 300-ге жуық нүктесі бар екенін алға тартып, франшиза құны орта есеппен 12 миллион теңгені құрайтынын жазған.

Дегенмен бұл мәліметтердің ресми түрде расталмағанын атап өткен жөн. Әлеуметтік желідегі мұндай пікірлер көбіне жеке болжам мен субъективті бағалауға негізделеді.

Dalanews редакциясының зерттеуі

Редакция жүргізген талдау барысында бірнеше маңызды жайтқа назар аудардық.

Біріншіден, өнімнің нақты құрамы туралы толық ақпарат жоқ. Сайтта сусындар жалпы сипатталғанымен, олардың құрамындағы қоспалар мен тағамдық құндылығы жөнінде нақты дерек берілмеген.

Екіншіден, шикізаттың қайдан жеткізілетіні және қандай стандарттармен тексерілетіні туралы мәліметтер шектеулі.

Үшіншіден, сусынның ресми сайтында мемлекеттік тіл толық назарға алынбаған. Негізгі контент орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылған. Қазақстан заңнамасы тұрғысынан тұтынушыға арналған ақпарат мемлекеттік тілде де ұсынылуы тиіс, сондықтан бұл жағдай талаптардың толық сақталмағанын көрсетеді.

Қазіргі таңда Wedrink өнімдеріне қатысты ресми зертханалық сараптама жүргізілмеген. Өнімнің халал мәртебесіне қатысты да нақты қорытынды жоқ.

ҚМДБ не дейді?

Dalanews.kz редакциясы мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеттеріне ресми сауал жолдады. Алайда ҚМДБ бұл өнімдерге қатысты нақты ақпарат бермеді.

“Аталған кәсіпорынның өнімдері ҚМДБ тарапынан тексерістен өтпегендіктен, нақты ақпарат бере алмаймыз. Сонымен қатар өнімдерге зертханалық сараптама жасамағанымызды хабарлаймыз”, – делінген басқарма жауабында.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің пікірі

Ал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Wedrink өніміне қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

Комитеттің мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сүт өнімдерін өткізу үшін арнайы талаптар сақталады.

“Сүт өнімдерін ЕАЭО аумағына әкелу және өткізу үшін өнімнің сәйкестігі туралы декларация болуы қажет” деп атап өтті ведомство.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған мәселе бойынша да комитет нақты ұстаным білдірді.

“Wedrink сусындарының құрамында шошқа ДНҚ-сы анықталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытқа дейін мұндай өнімдер анықталған жоқ”, – делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар ведомство өнімдердің қауіпсіздігі тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

“Бақылау сатып алу шеңберінде өнім үлгілері зертханалық тексеруден өткізіледі. Егер техникалық регламент талаптарының бұзылуы анықталса, өнімді алып қою және кері қайтарып алу шаралары қабылданады”, – деп түсіндірді комитет.

Сондай-ақ тексеріс нәтижелері уәкілетті органның ресми сайтында жарияланатыны аталып өтті.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті не дейді?

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де Wedrink өніміне қатысты әлеуметтік желіде тараған күмәнді ақпаратты растамады және нақты зертханалық тексеру жүргізілмегенін мәлімдеді.

“Wedrink” сауда белгісіндегі өнімге қатысты зертханалық зерттеулер мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілмеген”, – делінген жауапта.

Сонымен қатар ведомство өнімнің қауіпсіздігіне жауапкершілік өндіруші мен импорттаушыға жүктелетінін еске салды.

“Өнімнің қауіпсіздігі өндірушіге немесе импорттаушыға жүктеледі және ол сәйкестігін растайтын құжаттар негізінде айналымға жіберіледі”, – деп түсіндірді департамент.

Алматы қаласы бойынша бұл өнімге қатысты тұрғындардан шағым түспегені де айтылды.

“Аталған өнім бойынша өтініштер тіркелмеген”, – делінген ресми жауапта.

Дегенмен бақылау тетіктері бар екені атап өтілді. Департамент мәліметінше, тексерулер профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексеру немесе тергеп-тексеру форматында жүргізілуі мүмкін.

“Жоспардан тыс тексеру нақты қауіп төнген жағдайда ғана тағайындалады”, – деп нақтылады ведомство.

Сондай-ақ өнімдер тұрақты түрде бақылау сатып алу арқылы тексеріліп отырады.

“Бақылау сатып алу нәтижесінде өнімнің заң талаптарына сәйкестігі зерттеледі”, – делінген жауапта.

Егер зертхана нәтижесінде өнім құрамынан шошқа ДНҚ-сы анықталса, қатаң шаралар қабылданады.

“Сәйкес келмейтін өнімді алып қою және кері қайтарып алу туралы жедел шешім қабылданады”, – деп ескертті департамент.

Бұдан бөлек, мұндай жағдайда өзге мемлекеттік органдар да іске қосылады. Атап айтқанда, өнім декларациясын тоқтату мәселесі қаралып, ақпарат тиісті органдарға жолданады.

Департамент өнімдер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сай болуы тиіс екенін де атап өтті.

“Тамақ өнімдері қауіпсіздікке және таңбалауға қойылатын талаптарға сәйкес болуы қажет”, – делінген жауапта.

Сондай-ақ импорттық өнімдер кедендік бақылаудан өтетіні, онда құжаттар мен таңбалау талаптары тексерілетіні айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove