⁠Буллинг пен зорлыққа қарсы жаңа алгоритм бекітілді

Самал Асқар 27 сәу. 2026 14:38

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық, қатыгездік және буллинг фактілеріне әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді, деп хабарлайды Dala News.

Құжат «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң аясында қабылданып, алғаш рет барлық жауапты органдардың міндеттерін нақты бөліп берді. Енді полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және қамқоршылық органдары бір жүйе бойынша әрекет етеді.

Жаңа алгоритмге сәйкес, бала құқығы бұзылғаны туралы кез келген ақпарат нақты мерзімдермен іске қосылатын міндетті әрекеттер тізбегін бастайды.

Негізгі жаңалықтың бірі кейс менеджерлер институтының енгізілуі болды. Әрбір жағдай бойынша нақты бір маман бекітіледі. Ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, баланың құқықтары толық қалпына келгенге дейін сүйемелдейді. Бұл жауапкершіліктің әр орган арасында жоғалып кетуіне жол бермейді.

Ережеде әрекет ету мерзімдері де алғаш рет нақты бекітілген. Зорлық фактісі туралы ақпарат бірден барлық уәкілетті органдарға беріледі. Бір сағат ішінде бала құқықтарын қорғау органына жолданады. Бір жұмыс күні ішінде кейс менеджер тағайындалып, баланың тұрмыс жағдайы тексеріледі. Үш жұмыс күні ішінде материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберілуі тиіс.

Енді тек ресми арыз ғана емес, балалардың өзінен түскен сигналдар, 111 байланыс орталығы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтер де негіз болады. Бұл іске мобильді топтар мен психологиялық қолдау орталықтары да тартылған.

Балаларға көрсетілетін көмек бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асады. Ол медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдауды қамтиды.

Маңызды өзгерістің бірі енді тек зорлық көрген балалар ғана емес, сондай жағдайдың куәсі болған балалар да мемлекеттік қорғауға алынып, міндетті түрде сүйемелдеуге жатқызылатын болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove