Израиль президентінің Қазақстанға сапары — екіжақты диалогтың нығая түскенін аңғартатын маңызды саяси белгі

Самал Асқар 27 сәу. 2026 20:29

Израиль президентінің Қазақстанға сапары бір оқиғаның екі түрлі қабылданатынын көрсеткен сирек жағдайлардың бірі болды, деп хабарлайды Dala News.

Бір жағынан, бұл – Ақорданың ресми, ұстамды және дәстүрлі дипломатиялық стилі. Екінші жағынан, израильдік баспасөзде бұл сапар әлдеқайда эмоциялық реңкте беріліп, тіпті «дипломатиялық серпіліс» ретінде сипатталған.

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог шағын құрамда кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылаған. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыс 1992 жылдан бері тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, экономикалық әріптестіктің әлеуетіне тоқталған. Сонымен қатар, бұл қатынастардың қалыптасуына Хаим Герцогтың да үлесі болғаны айтылған. Жалпы тон – байыпты, прагматикалық және артық геосаяси акцентсіз.

Ал израильдік Bhol басылымы бұл сапарды әлдеқайда ауқымды контексте көрсетеді. Олардың жазуынша, Герцог Қазақстанға жоғары деңгейдегі сарапшылар мен мамандардан құралған делегациямен келген. Негізгі акцент – жоғары технологиялар, инновация және серіктестікке жаңа серпін беру мүмкіндігі. Басылым әлем «жаңа тарихи кезеңге» қадам басқанын, ал Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастық әлеуеті «өте үлкен» екенін атап өтеді.

Екі тараптың жарияланымдарында да Авраам келісімдері туралы айтылған. Ақорда дерегінде Тоқаев Қазақстанның бұл келісімдерге қосылу туралы шешім қабылдағанын, бұл қадам Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа үлес қосуға бағытталғанын айтқан. Ал Bhol нұсқасында бұл мәлімдеме кеңірек интерпретацияланып, геосаяси құрылымды өзгертуге ықпал ететін стратегиялық қадам ретінде сипатталған.

Израильдік дереккөздер сапардың екі күнге созылатынын және оның аясында тек ресми кездесулер ғана емес, Қазақстандағы еврей қауымдастығымен кездесу де жоспарланғанын хабарлайды. Сонымен қатар экономикалық, ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту негізгі назарда екені атап өтіледі.

Жалпы, тараптардың акценттері әртүрлі. Қазақстан үшін бұл – экономика, тұрақты байланыс және прагматизм. Израиль үшін – символика, діндер диалогы және Таяу Шығыстағы жаңа геосаяси конфигурация. Бір оқиға, бірақ екі түрлі интерпретация.

Сондай-ақ Maariv басылымы Герцогтың Қазақстанға Түркияны айналып ұшқанын жазған. Алайда бұл жайт Қазақстан мен Түркия арасындағы дәстүрлі стратегиялық әріптестікке әсер етпейтіні байқалады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove