Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "Болашақ" бағдарламасы аясында бюджет есебінен заңсыз шетелде оқып жүргендердің есімін жариялауды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл мәселе Үкімет сағатында көтерілді. Депутаттың айтуынша, 15 үміткер бойынша республикалық комиссияның шешімі жоқ, десе де олар шетелде білім алып жүр. Сонымен қатар, 151 стипендия жоспардан тыс, белгіленген лимиттен асыра, жалпы сомасы 2 млрд 519 млн теңгеге тағайындалған.
Бақытжан Базарбек 71 үміткер бір-біріне жасырын түрде кепіл болғанын айтты. Ол бұл жағдай бойынша келтірілген шығынды 876 млн теңгеге бағалады.
Депутаттың сөзінше, жалпы күмән тудыратын сома шамамен 10 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Ол министрлік нақты әрекет жасап, шетелде мемлекет қаржысы есебінен оқып жүргендердің тізімін ашық жариялауы қажет екенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін "Болашақ" стипендиясы "күмәнді" жолмен бөлінгенін жаздық.
