Алматы облысына ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Аймаққа келген вице-министр алдымен Іле ауданына барып, Н. Тілендиев атындағы мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Одан кейін Қонаев қаласындағы жаңғыртудан өткен кітапханаға барды. Сондай-ақ, ол Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Рустам Әли республикада 5 229 бұқаралық ақпарат құралы ресми тіркелгенін айтты. Оның ішінде Алматы облысында 20 мерзімді басылым, 2 теле-радио арна және 1 облыстық интернет-сайт жұмыс істейді.
«Бұрын бұқаралық ақпарат құралдарының 80%-ы мемлекеттік болса, қазір олардың 90%-ы жекеменшік. Бұл тек сандық көрсеткіш емес. Яғни, сала дамып, медианың бәсекеге қабілеттілігі артып келеді», – деді вице-министр.
Сонымен қатар, ол өткен жылы Президенттің тапсырмасымен қабылданған «Масс медиа туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдардың маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, «Масс медиа туралы» заң тіркелген БАҚ қызметін реттеуге және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, бұл заң аясында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын бірыңғай медиа платформаны құру, журналистерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеу сияқты міндеттер қарастырылған.
Вице-министр мәдениет саласына да тоқталып өтті. Оның мәліметінше, Алматы облысында республикалық маңызы бар 10, жергілікті маңызы бар 799 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Қазіргі уақытта өңірдегі 13 мәдени нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал 4 нысанның құрылысы аяқталған.
Сондай-ақ, жақын уақытта 2 мәдени нысанның іргетасы қаланып, тағы 7 нысан жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.
Кездесу барысында Рустам Әли ономастика саласындағы жұмыстарға да тоқталды.
Оның айтуынша, бұл бағытта Алматы облысы көш бастап тұр.
«2024–2025 жылдарға арналған жол картасы аясында облыста 800-ге жуық көшенің атауын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, 150-ден астам ардагердің есімі өңір көшелеріне берілді», – деді ол.
Жиында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы да айтылды. Соңғы 5 жылда ҮЕҰ жобаларын қаржыландыру көлемі үш есеге өсіп, жобалар саны 1 708-ден 2 162-ге дейін артқан.
Алматы облысында биыл жалпы құны 1 254,2 млн теңге болатын 90 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде мәдениет үйлерінің жетіспеушілігі сөз болды. Тұрғындар Алатау қаласында мәдениет үйі жоқ екенін жеткізді.
Өз кезегінде Рустам Әли бұл мәселе жергілікті деңгейде шешілуі тиіс екенін айтып, оны облыс басшылығына жеткізетінін мәлімдеді.
Жиын соңында азаматтарды жеке қабылдау өтіп, кейін вице-министр БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Аймақтың дамуына қатысты пікір білдірген вице-министр облыс басшылығына бірқатар маңызды ұсыныстар жолдайтынын атап өтті.
