Алматыда Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ іске қосылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты.
Жобаны іске қосу аясында жол қызметтері арнайы сары түсті жолақтарды сызу және тиісті жол белгілерін орнату жұмысын бастап кеткен. Барлық жұмысты 19 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, арнайы жолақты енгізудің мақсаты - қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттыру, жол қозғалысын реттеу және қаланың ең қарқынды көлік дәліздерінің бірінде қауіпсіздікті күшейту.