Freedom Inside '26

«Әке өнегесі – өмірлік сабақ»: Абай облысында жас ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлі талқыланды

«Әке өнегесі – өмірлік сабақ»: Абай облысында жас ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлі талқыланды

Абай облысында мемлекеттік органдардың өкілдерін, қоғамдық ұйымдарды, сарапшыларды, педагогтер мен белсенді әкелерді біріктірген «Әке өнегесі – өмірлік сабақ» атты өңірлік форум өтті. Қатысушылар отбасы институтын нығайту, балалар тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру және жастар арасындағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шара пленарлық отырыс және тақырыптық пікірталас алаңдары форматында ұйымдастырылды. Форум барысында қатысушылар отбасы алдында тұрған заманауи сын-қатерлер туралы пікір алмасып, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара қарым-қатынастың үздік тәжірибелерін қарастырды.

Форум жұмысын ашқан Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов алда келе жатқан Әкелер күнінің маңыздылығын атап өтіп, ұрпақ тәрбиелеудегі отбасының ерекше рөліне тоқталды.

– Ең алдымен, баршаңызды алдағы мерекемен – Қазақстанда дәстүрлі түрде маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Әкелер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл әрдайым ерекше күн. Мемлекет басшысы отбасы институтын сақтау мен дамытуға, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге әрдайым айрықша көңіл бөледі. Саналы ұрпақ – мемлекеттің берік негіздерінің бірі. Бұл ретте әкелерге жүктелер жауапкершілік ерекше. Бүгінгі форумның басты мақсаты – әкелерді құрметтеу ғана емес, отбасы институтын нығайту және дамыту, сондай-ақ жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау. Форум барысында пікір алмасып, әкелер мен балалар арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты ең маңызды мәселелерді қарастырамыз, – деді Арман Жемагулов.


Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айгерім Сәрсенбаева әкелік жауапкершіліктің әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудағы маңызы және әрбір ата-ананың жеке жауапкершілігі туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай барысында біздің ортақ мақсатымыз – Заң мен тәртіп қағидаттары үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құру екенін атап өтті. Бұл міндет – еліміздің әрбір азаматының жеке жауапкершілігі. Әкелер форумы еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келеді және жақсы дәстүрге айналды. Бұл алаңда біз әкелердің лудомания, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты заманауи қоғамның келеңсіз құбылыстарымен күрестегі рөлін талқылаймыз. Қазіргі заманғы әке – жай ғана отбасы басшысы емес, ол балалар тәрбиесіне тікелей ықпал ететін саналы ата-ана. Қоғамда мұндай үлгінің оң нәтижелерін көрсететін мысалдар жеткілікті, – деді Айгерім Сәрсенбаева.

Өз кезегінде тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аман Рахметуллин отбасының қоғамдағы негізгі институт ретіндегі тарихи маңыздылығына және болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершілігіне назар аударды.

– Тарихи тұрғыдан алғанда, отбасы институты кез келген қоғамдағы ең маңызды институттардың бірі болып келген. Отбасынсыз қоғамның дамуы мүмкін емес, өйткені отбасы – тәрбие мен болашаққа бағыт-бағдар беретін орта. Біздің болашағымыз тікелей отбасыға байланысты. Кейбір әкелер: «Балаларым тоқ, киімі бүтін, баспанасы бар, демек мен отбасы үшін бәрін жасап жүрмін» деп ойлайды. Бұл толықтай дұрыс емес. Мұның бәрі – әкенің міндеті. Тәрбие беру де әкенің жауапкершілік аймағына жатады әрі бұл тек ұлдарға ғана емес, қыздарға да қатысты. Лудомания, кибербуллинг және қатыгездік көріністері кей жағдайда әкелік тәрбиедегі олқылықтардың салдары болуы мүмкін. Бұл – қоғам болып талқылауды қажет ететін маңызды мәселе, – деді Аман Рахметуллин.


Пленарлық отырыстан кейін форум жұмысы тақырыптық алаңдарда жалғасты. Онда қатысушылар отбасылық тәрбие, отбасындағы әкенің рөлін күшейту, жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктердің алдын алу, сондай-ақ жастар арасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қалыптастыру жолдарын талқылады. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар тәжірибе алмасып, отбасы институтын одан әрі дамытуға және қоғамдағы әкелік рөлдің маңызын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірледі.