Көкшетау әуежайының иесі ауысады

Көркем Алдабергенова 27 сәу. 2026 17:17

Көкшетау әуежайы жаңа меншік иесіне берілмек. Қазір нысанды Ақмола облысының коммуналдық меншігіне өткізу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазіргі уақытта Көкшетау қаласының әуежайы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы АҚ филиалы болып саналады. Бұған дейін Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы әуежай Астана әкімдігінің коммуналдық меншігінде екенін нақтылаған.

Астана әуежайы өкілдерінің мәліметінше, қазір нысанды Ақмола облысының коммуналдық меншігіне беру рәсімі жүргізіліп жатыр.

"Осыған байланысты даму стратегиясы, инфрақұрылымды жаңғырту, маршруттық саясат, әуе компанияларын тарту және қаржылық модельге қатысты мәселелер уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен пысықталып жатыр", – деп хабарлады әуежай өкілдері.

Бұл мәселеге қатысты Ақмола облысы әкімдігі де пікір білдірді.

"Көкшетау әуежайын Ақмола облысының коммуналдық меншігіне беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда әзірге әуежай Астана қаласының қарамағында", – деп мәлімдеді өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әуежайды жаңа меншік иесіне нақты қашан беру жоспарланғаны әзірге айтылған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove