Қазақстанда жазғы маусым қарсаңында балалар лагерлеріне бақылау күшейтіліп, тексерістер жаңа форматта өтеді, деп хабарлайды Dala News ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтіп, енді тексерістердің бір бөлігі алдын ала ескертусіз жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл лагерьлердің нақты жағдайын көруге және формалды дайындықты болдырмауға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, лагерь аумағы қоршалған болуы тиіс. Үздіксіз су, кәріз жүйесі, жарықтандыру және желдету қамтамасыз етілуі қажет. Барлық ғимараттарда күнделікті тазалық жұмыстары жүргізіліп, рұқсат етілген дезинфекция құралдары қолданылуы керек.
Балалар үшін күніне бес рет тамақтану және міндетті медициналық қызмет қарастырылуы тиіс.
Су айдындары бар орындарда су мен топырақтан сынамалар алынып, зертханалық тексерістер жүргізіледі. Жаз бойы су сапасына тұрақты мониторинг жасалады.
2026 жылдың екінші жартысында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық балалар лагерлері ерекше мемлекеттік бақылау аясында тексеріледі.
Сонымен қатар алғаш рет жоспарлы тексерістердің нақты тізімі бекітіледі. Бұл тізімдер 10 мамырға дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің сайттарында жарияланады.
Жаңа жүйе аясында тек жоспарға енген нысандар ғана емес, одан тыс лагерлер де тексеріледі.
Министрлік лагерь иелеріне нысандарды алдын ала дайындауды, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуды, қызметкерлерге қойылатын талаптарды сақтауды және балалар санын белгіленген лимиттен асырмауды ескертті.
Ата-аналарға тек ресми тізімдегі лагерлерді таңдауға, баланың денсаулығына назар аударуға және медициналық ерекшеліктері туралы алдын ала хабарлауға кеңес берілді.
Қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жүгіне алады.
Министрлік балалардың жазғы демалысы кезіндегі қауіпсіздігі ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, биыл елде 199 лагерь жұмыс істейді. Оның 20-сы жыл бойы, ал 179-ы маусымдық.
