Бектенов «Самұрық-Қазынаға» бақылауды күшейтуді тапсырды

Самал Асқар 27 сәу. 2026 15:34

Премьер министр Олжас Бектенов «Самұрық Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, ірі жобалардың жүзеге асуын қарады, деп хабарлайды Dala News.

Жиында Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында экономиканы қолдау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Қордың 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы нәтижелері қаралып, кіріс 8 пайызға, ал таза пайда 93 пайызға артқаны айтылды. Негізгі өндірістік көрсеткіштер жоспарға сай орындалған.

Қор басшысы Нұрлан Жақыпов Қытай нарығында 3 млрд юань көлеміндегі панда облигациялар сәтті орналастырылғанын хабарлады. Облигациялар үш жылға шығарылған, кірістілігі жылдық 2,18 пайызды құрады. Бұл қарыз тартудың рекордтық төмен деңгейі ретінде бағаланып отыр. Тартылған қаражат көлік логистика, инфрақұрылым және басқа да салалардағы жобаларға бағытталады.

Есептік кезеңде бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында «Тау Кен Самұрық» пен Руанданың Ngali Holdings компаниясы арасындағы келісім, сондай ақ «Самұрық Қазына Инвест» пен Әзербайжанның AZCON компаниясы арасындағы порттарды тереңдету жобасы бар.

Жиында жалпы құны 38,6 трлн теңгені құрайтын 64 ірі инвестициялық жобаға ерекше назар аударылды. Оның ішінде мұнай газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік логистика және тау кен салалары бар. Қазіргі таңда 41 жоба бойынша келісімшарт жасалған, 33 жобада құрылыс жұмыстары басталған.

Атап айтқанда, Жамбыл және Павлодар облыстарында қуаты 1 ГВт болатын екі жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл жобалар жасыл энергетиканы дамытуға бағытталған. Сонымен қатар «Бутадиен» мұнай химиясы жобасы бойынша Қытайдың Sinopec Guangzhou Engineering компаниясымен келісім жасалып, жұмыстарды мамыр айында бастау жоспарланған.

Бұдан бөлек «Бейнеу Бозой Шымкент» газ магистралінің екінші желісін салу және Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақты дамыту мәселелері қаралды. Геологиялық барлау саласында жасанды интеллектті енгізу жобасы да талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер министр Қор басшылығына барлық жобалар бойынша бақылауды күшейтуді және жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove