Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында мәйіті жол жиегінен табылған 16 жастағы қыздың өлімі бойынша іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта жабық форматта қаралады. Іс Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы, "Зорлау" бабы және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен түскен, деп хабарлайды Dalanews.kz otyrar.kz-ке сілтеп.
Қайғылы оқиға биыл 6 маусымға қараған түні болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыз өз отбасының дүкенінен үйіне қарай шығып, жоғалып кеткен. Үйіне оралмаған қызды туыстары мен ауылдастары полициямен бірге түнімен іздеп, таппаған.
Таңертең полиция марқұмның мәйітін жол жиегінде орналасқан балабақша қоршауының маңынан тапқан.
Басылым мәліметінше, ауыл тұрғындары қыздың мәйіті табылған күні марқұмның отбасының дүкені жанында орналасқан наубайханада жұмыс істейтін еңбек мигрантын полицейлер ұстағанын айтқан. Артынша ауылда байланыс үзіліп, күзет күшейген.
