"Хуторлық" Хасанға сот үкімі шықты

Көркем Алдабергенова 11 қар. 2025 10:35

Хасан Қасымбаев 12 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Оны «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деп атайды. Айыптау тарапы Қасымбаев пен оның сыбайластары адамдарды ұрлап, ауыр дене жарақатын салып, ақша бопсалаумен айналысқан топ болғанын алға тартады.

Айыптаудың нұсқасы бойынша, бірнеше эпизод болған. Бірінші эпизод кәсіпкер Аюбжан Тәжіевке қатысты. Тергеу мәліметінше, 2016 жылы оны алдап көшеге шығарып, соққыға жығып, одан бір миллион теңге талап еткен.

Екінші эпизод 2021 жылы болған. ММА спортшысы Арман Әлімовтың айтуынша, оны Хасанның «бандасы» ұрлап, аяусыз ұрып-соққан.

Бұл іс бойынша Қасымбаевпен бірге тағы бес ер адам сотталуда. Олардың бәрі сотта айыптаулардың қолдан жасалғанын айтты. Соған қарамастан, прокурор Хасанға 15 жыл, қалғандарға тоғыз жыл түрме сұрады.

Судья Айнагүл Тұқбаева «хуторлықтардың» лидері делінген Қасымбаевты 12 жылға колонияға қамау туралы үкім шығарды.

Кеше Хасанның туыстары үкім әділ болмаса, өздерін өртеп жіберетінін мәлімдеген.

Журналистер Хасан ісі бойынша сот процесін бақылау барысында қандай қиындықтарға тап болғаны жайлы материалды осы жерден оқи аласыз. Ал істің толық тарихын реплейлер тізбегінен көре аласыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар