Түркістанда бейіт жанынан 9-сынып оқушысының денесі табылды

Dalanews 10 қар. 2025 23:30

Түркістан облысында тағы да қайғылы жағдай. 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлы 3 қараша күні моланың жанынан өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, жасөспірімді досы шақырып, әжесінен сұрап алып кеткен.

Туыстары 15 жастағы Мейіржан мектептегі әлім-жеттіктің  кесірінен көз жұмды деп отыр. Досы үйінен алып кеткен соң, бір топ бала моланың жанында жиналған. 

Мейіржанның ағасының айтуынша, ол ешқашан жаман жолда болмаған, мектепті үздікке оқыған. Тіпті математика, физика пәндерінен мектепаралық жарыстарға да қатысқан. Сол түні Мейіржанның қатарластары моланың жанында балаларды жинап, ұрған көрінеді. Фельшер болып жұмыс істейтін ағасы Бауыржан інісінің жүрек тұсынан сегіз рет соққы жасағанын, содан жасөспірімнің жүрегі жарылып кеткенін айтады. 

Жақындары оқиғаға байланысты төрт жігіттен күдіктенеді, алайда олар әлі қамауға алынбаған. 

Марқұмның туыстары істің бұрмаланып кетуінен қатты алаңдайды. Олар тергеудің ашық, әділ жүргізілуін талап етіп, жауапты органдардан нақты шара қабылдауды сұрайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар