Алматыда көлікті заңсыз тіркеу схемасын ұйымдастырғандар сотталып кетті

Сағыныш Сардарова 11 қар. 2025 10:20

Алматыда көлікті заңсыз тіркеу схемасын ұйымдастырғандар сотталып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үш жыл бойы бір топ адам Алматы қаласындағы Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің көмегімен көліктерді бастапқы тіркеу үшін белгіленген алымдарды төлемей, жалған тіркеу жүргізіп отырған.

Ұйымдастырушылар алым төлеуден жалтарғысы келетін көлік иелерін іздеген делдалдар арқылы әрекет еткен. Заңсыз әрекеттерді жасыру мақсатында көліктер жалған тұлғалардың атына рәсімделген.

Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, көлік құралдарын заңсыз тіркеген. Нәтижесінде 132 көлік заңсыз тіркеуге қойылып, мемлекетке 1,2 млрд теңгеден аса залал келтірілген.

Тергеу барысында 273 млн теңге көлеміндегі қаражат ерікті түрде өтелген.

Сот үкімімен үш кінәлі 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған 7 көлік тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар