Шымкентте алимент қарызы төрт миллион теңгеге жеткен әке сотталды

Қаракөз Амантай 11 қар. 2025 09:20

Шымкентте алимент қарызы төрт миллион теңгеге жеткен тұрғын алты айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, борышкер Қаратау ауданында тұрады. Ол Қылмыстық кодекстің 139-бабы — «Балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-ананы немесе жұбайын (зайыбын) күтіп-бағудан жалтару» бойынша жауапкершілікке тартылған.

Прокуратураның дерегінше, биылдың өзінде алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты осы бап бойынша 38 іс сотқа жолданып, барлығына үкім шыққан. Бұл республикадағы жалпы көрсеткіштің шамамен 9 пайызын құрайды.

Құзырлы органның хабарлауынша, алиментті уақытында төлемеу екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.

Жыл басынан бері Шымкентте алимент төлемегені үшін 324 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 208-і әкімшілік қамауға алынып, қалғандарына айыппұл салынған.

Бұған дейін прокуратура 7 миллион теңгеден астам берешегі бар тағы бір борышкердің де алты айға сот үкімімен бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар