Ресей азаматтығын алғаны екі дереккөз тарапынан расталған, Қазақстанның арнайы прокурорлары үстінен қызметтік өкілдігін асыра пайдалану мен қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары күдігімен іс қозғаған Қайрат Қожамжаровты Қазақстанға экстрадициялау қиын шаруа. Бірақ ол мүмкін емес дегенді білдірмейді.
"Ресей бізге Қожамжаровты белгілі бір шарттармен беретіні анық. Бірақ ол үшін Астана үлкен геосаяси мәселеде не Ресейді қолдау керек не оның бір сұрағанын беруі қажет. Алдымен прокурорлардың сотқа дейінгі тергеуі аяқталуы тиіс. Одан кейін Қожамжаров Ресейдің сұрағанына тати ма, әлде бұл қойды сабынға ауыстырумен бірдей ма, сол жағы сараланады", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
Дүйсеновтің Германиядан экстрадициясы шешілген мәселе. Ал ол елге жеткізілгеннен кейін, "Қожамжаров ісі" жаңа импульс алады. Мақсат Дүйсеновтың тергеумен шартқа отырып, барынша сырын ақтаратыны анық. Сол кезде Қожамжаровтың сот алды тергеуі өз пазлын толық жинайды.
Биыл Қожамжаровтың командасы толық жойылғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Жемқорлықпен күрес бойынша Ұлттық бюроның экс-басшысы Талғат Татубаев шілденің басында азаптау ісі бойынша қамауға алынды. Арнайы прокурорлар қызметінің экс-басшысы Олеся Кнксель осы азаптау бабы бойынша күдікті ретінде танылды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Одан кейін бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланып, ол Интерпол арқылы Германияда ұсталды.
Қайрат Қожамжаров ұзақ жылдар бойы жемқорлықпен күрес мекемелерін басқарды. Оның кезінде антикор Агенттік те, Бюро формасында да болды. Артынан Бас прокурор, сенатор лауазымында болды. 2023 жылдың басында Парламенттегі орнын босатып, мандаттан айрылды. Содан бері ол еліміздің саяси сахнасынан кетті.
