Маңғыстау облысында тағы 71 итбалықтың өлексесі табылды

Көркем Алдабергенова 11 қар. 2025 09:22

Маңғыстау облысында тағы 71 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл жолы сүтқоректілер Құлалы аралының жағалауына шығып қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Өлексе табылған жерге өңірлік экология департаментінің зертхана мамандары мен Гидробиология және экология институтының өкілдері барып экология мониторингін жүргізген. Жыл сайын Түпқараған аумағы мен Құлалы маңында итбалықтардың қырылуы қалыпты құбылысқа айналып бара жатыр. Осы жолы да мамандар өлекселерден сынама алып, теңіз суына зерттеу жүргізді. Нәтижесінде теңіздің ластанбағаны анықталды дейді жауаптылар.

"Мұнаймен ластану болмаса, тағы да өзгеше химиялық заттармен ластануы мүмкін. Судан сынама алып, мониторинг жүргіздік. Нәтижесі бойынша Каспий теңізінің суынан ешқандай ластаушы зат анықталған жоқ. Жағдай қалыпты. Сондай-ақ бұл жағдай жылда қайталанады. Біз мониторингті жалғастыра береміз. Теңіз суы таза, итбалықтар өлексесі табылған аумақта. Ауытқу анықталған жоқ", - дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің бөлім басшысы Қайсар Нәдірбек.

Еске сала кетейік, өткен аптада Түпқараған ауданының Бозашы мүйісінен 112 итбалықтың өлексесі табылған. Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығының қырылуына вирус себеп болуы мүмкін деген болжам қарастырылып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар