Ұлттық идея және дін

Dalanews 23 қар. 2017 13:28 875

Ұлттық кітапханада Алматы қаласы Дін істері басқармасы және «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Хангелді Әбжанов, өнертану ғылымының докторы Шайзада Тоқтабаева, тарихшы Данагүл Махат және Алаш арыстарының ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Жиынды ашқан тарихшы Х.Әбжанов бүгінгі рухани жаңғыру тұсында Қазақ елінің мәңгілік ел болуын көздеген Алаш идеясының өзектілігі арта түскенін атап айтты. Ғалымның айтуынша, қазіргі діни, саяси ахуалдың күрделі кезеңінде Алаш зиялылары ұстанған мемлекетшілдік, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, дін бірлігі идеялары өзектілігін жойған жоқ.
Конференцияның «Алаш идеясының мәні мен қалыптасу кезеңі» атты бірінші секциясында сөз алған өнертанушы Ш.Тоқтабаева қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәли­хановтың жазбаларындағы салт-дәстүр мен дін мәселелеріне тоқталып, көшпелі халықтың дінді ұстануы өмір салтымен ерекше үйлесім тапқанына назар аударды. «Бүгінгі жаһандану үрдісі жайлаған қоғамда халық өнері мен әдет-ғұрпы ұлттық мәдениетіміздің өзегі болуы керек» деді ғалым.
ХХ ғасыр басында қазақ даласында патшалық Ресейдің отарлық саясатына байланысты дін мәселесі ушыға түсті. Көшпелі елдің жауынгерлік рухын басып-жаншып, өзіне бағындыру үшін отаршыл билік дінді пайдаланғаны белгілі.
Қазақтың дәстүр-салты мен өміріне үлкен өзгерістер алып келген діни саясаттың астарын жақсы түсінген Алаш қайраткерлері бұл үрдіске белсене қарсы тұрды.
Олар дін мен мемлекет бөлек болуы тиіс деп, зайырлы мемлекет құруды мақсат тұтты.
Алаш зиялылары қазақ даласына миссионер татар молдаларын жіберіп, халықтың ақыл-ой, санасын дінмен шырмау арқылы өзінің саяси мүддесін іске асыруды көздеген отаршыл биліктің жымысқы саясатын қатал әшкереледі. Сол кезде де «өлең айту, күй тарту күнә» деп, елді азғырған «указной» молдалар аз болмаған.
Конференцияның «Алаш және ұлттық идея» атты екінші секциясында ғалымдар дін мен діл тазалығы үшін арпалысқан Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ғұмар Қараш, Смағұл Сәдуақасов, Науан хазірет сынды қайраткерлердің ағартушылық күрестері жайында кеңінен мағлұматтар келтірді.
«Оян қазақ, қорған қазақ» деп, елді білімге, бірлікке үндеген Алаш зиялыларының идеялары бүгінгі күні де үлгі тұтуға лайық.
«Алаш мұрасы – мәңгілік құндылық. Болашағы бар елдің мұраты мәңгілік құндылықтарға негізделуге тиіс. Рухани жаңғыру да осы мұраттармен тығыз байланысты. Бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарына біз өз тілімізбен, ділімізбен кіруіміз қажет. Сондықтан біз Алаш идеяларын терең ұғынып, оларды басшылыққа алсақ ешқашан адаспаймыз» деді жиынды қорытындылаған Хангелді Әбжанов.
Шараға қатысушыларға «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» атты деректі фильм көрсетілді. Жиын соңында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір конференцияға қатысқан ғалымдарға алғысхаттар мен сертификаттар тапсырды.


"ҚмД" ақпарат


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар