Ең алғашқы болып сөз алған медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашов мырза қонақтарды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, шараға қатысқандарына алғыс айттты. Бұл шараның өте маңызды екенін және болашақта өз жалғасын табатынын атап өтті.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Жанғабылов мырза ұлттық тағамдардың адам денсаулығына пайдасы, оны тұтынудың уақыты мен мөлшері, құрамындағы пайдалы заттары мен дәрумендері туралы баяндама жасап, мол ақпарат берді. Қазақ халқы ежелден көшпенді шаруашылықпен айналысқаны тарихтан мәлім. Сол себепті де тұтынатын азықтары ет пен сүт тағамдары болғаны түсінікті. Әсіресе, қымыздың алар орны ерекше. Қымыздың тарихы да сонау ерте замандардан басталады. Ежелгі Батыстың тарихшылары мен ғалымдары қымыз туралы өз еңбектерінде мол мағлұматтар беріп кеткен. Қымыз – бойға қуат дарытып, күш беретін қуатты азық әрі жанға шипа дәрілік сусын. Қымыз арнайы технологиямен ашытылып жасалса, биеден жаңа сауылған сүтін саумал деп атаған. Екеуінің де құнарлылығы мен ағзаға тигізер пайдасы өте жоғары.
Ғалым Абай Жанғабылов та өз баяндамасында саумалдың құнары сиыр сүтіне қарағанда жеті есе артық екенін тілге тиек етті. Қымызбен қатар жылқының майы да біз біле бермейтін пайдалы заттарға бай. Ол жануар майы мен өсімдік майының ортасында тұрған әмбебап қасиетке ие. Осы қасиеттерінің арқасында кез келген адамға орнымен қолдана білген жағдайда ауруына шипа болатыны заңдылық. Ұлттық тағамдардың құндылығын диетолог мамандардың жақсы білуі өте маңызды. Өйткені, ауруына дауа іздеген жандарға ем ретінде ұсынылса, екіншіден, ұлттық құндылықтарымыздың мерейін өсіруге таптырмас орай болатыны айдан анық. Абай Жанғабылов өз сөзінде көптеген ауру-сырқаудың дұрыс тамақтанбаудан болатынына ерекше тоқталды. Күнделікті өмірде ұлттық тағамдардың бағасын білмеудің салдарынан адам денсаулығы түрлі дерт-дербезге ұшырап жатады. Жылқының сүті мен еті, қазы-қарта, жал-жая, шұбат пен құрт, ұлтымыз бұрыннан қолданып келген әртүрлі жеңсік астар түсінген адамға таптырмас байлық екенін баса дәріптеген ғалым оны күнделікті өмірде қолдануға барынша мән берген жөн деп санайды.
Шараға қатысқан ем-дәм мейірбикелері де осыны әбден ұғынып, ғалымның баяндамасына ризалықтарын білдірісті. Шара соңында аурухана бас дәрігерінің орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Анаркүл Күлембаева ханым келген қонақтарға алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Аурухана жанынан диетологтар мектебі ашылғанынан хабардар етіп, болашақта өз ісінің нағыз білгірі болатын диетолог мамандар тәрбиеленетінін жеткізді. Жиналғандарға ғалым Жанғабылов Абай Кенжебайұлының Қазақстан бойынша алғаш рет жазылған диетология саласындағы оқулық кітабын сыйға берді.