Жаңа Салық кодексінің жобасында шетелдік маркетплейстерге қатысты салық салымын реттейтін нормалар да қарастырылған. Мысалы, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген немесе камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықты жоймаған маркетплейстердің сайты бұғатталуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің депутаттар жолдаған сауалға берген жауабында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2022 жылы тауарлар және онлайн-қызметтердің электронды саудасымен айналысатын шетелдік компаниялардан алынатын қосымша құн салығы (ҚҚС) алына басталғанын айта кетелік. Қазір Қазақстанда осындай 105 компания тіркелген. Олардың арасында Apple, Amazon, Alibaba, Aliexpress, Adobe, Ebay, Google, iHerb, Huawei, Meta, Netflix, Nintendo, Pinduoduo, TaoBao, TikTok, Temu, Samsung, Sony, Zoom да бар.
"Салық кодексінің 777-780-баптары бойынша шетелдік маркетплейстер тауарларды сату немесе электрондық қызметтерді көрсету кезінде 12% мөлшерлеме бойынша ҚҚС аударады. Қаржы министрлігі шетелдік компаниялардан 83,0 млрд теңгеден астам сомаға ҚҚС бойынша түсім түскенін нақтылайды: 2022 жылы - 10,4 млрд теңге, 2023 жылы - 24,3 млрд теңге, 2024 жылы – 35,0 млрд теңге, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 13,3 млрд теңге", делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.
Серік Жұманғарин электрондық сауда саласындағы компанияларға мемлекет фискалдық қолдау шараларын ұсынатынын айтады. Салық кодексінде кірістерге қатысты корпоративті және жеке табыс салығын төлеуден босату қарастырылған. Бұл норма 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін өз күшін сақтады.
"Қазіргі уақытта электронды сауда - бұл қосымша ынталандыруды қажет етпейтін қарқынды дамып келе жатқан қызмет түрлерінің бірі. E-commerce субъектілері үшін және оның қатысушылары үшін салық жеңілдіктері түріндегі мемлекеттік қолдау мәселесі жаңа Салық кодексінің жобасы шеңберінде де қаралатын болады. Электрондық коммерция үшін пәрменді шаралар мыналар болуы мүмкін: инфрақұрылым мен ақпараттық технологияларды жетілдіру бойынша тәсілдерді пысықтау", - деп түсіндіреді Серік Жұманғарин.
Ол депутаттардың шетелдік маркетплейстердің қазақстандық алаңдармен және өндірушілермен коллаборациясына жөніндегі сұрағына да жауап берді.
"Шетелдік маркетплейстер тауарларды сатады және біздің елден тыс жерлерде де қызмет көрсетеді. Ал ҚР заңнамасының күші Қазақстан аумағында ғана қолданылады және оның аумағынан тыс қатынастарды реттемейді. Осылайша, шетелдік маркетплейстерді қазақстандық алаңдармен және өндірушілермен коллаборациясы бойынша міндеттемелер белгілеу мүмкін емес", - деп атап өтті ол.
Серік Жұманғарин бажсыз сауда шегін төмендету немесе нөлге теңестіру мәселесі Еуразиялық экономикалық комиссияның қарауына жататынын нақтылайды. ЕЭК Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 шешіміне сәйкес, құны 200 евродан аспайтын және салмағы 31 келі болатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарларға жатады деп сипатталады.
Айта кетейік, өз сауалында "Ақ жол" фракциясының депутаттары шетелдік маркетплейстердің Қазақстанда физикалық түрде болмағандықтан, ҚР заңнамасына сәйкес салықтар мен баждарды төлеуден жалтаратынын атап өткен. Бұл оларға қазақстандық өндірушілерге қарсы әділетсіз бәсекелестік тұрғысында артықшылықтарға ие болуға мүмкіндік беруде.
"2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 млрд теңгенің тауар жеткізді, бұл ретте бюджетке 24 млрд теңге, яғни айналымның 4,8%-ын төленді, бұл кедендік баждардан толықтай босатылуын және ҚҚС-ты 2,5 есе аз төлегендерін көрсетеді. Яғни, шетелдік маркетплейстердің операцияларынан бір ҚҚС-тан жалтарудан бюджет 2023 жылы 60 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған. Сарапшылардың пікірінше, импортталатын тауарлар бойынша қазақстандық маркетплейстердің фискалдық жүктемесі 16,3% -ды құрайды, яғни төрт есе жоғары", - делінген "Ақ жол" сауалында.
Айта кетейік, Қазақстанда республикалық бюджет тапшылығы мәселесі өзектілік танытуда. Мемлекеттік қазынаға түсетін түсімдерді толықтыру үшін Үкімет салық реформасын жүргізуге және қосымша құн салығы бойынша мөлшерлемені көтеруге ниетті.