Биылғы жылы шетелдік маркетплейстерден бюджетке түспей қалған табыс 250 млрд теңгеден асады. Осылай деген Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстандағы шетелдік маркетплейстердің жұмыс жағдайларын сынға алды. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 млрд теңгенің тауарын жеткізген, ал бюджетке 24 млрд теңге немесе айналымның 4,8%-ын ғана төлеген, деп жазады Dalanews.kz.
Депутат атап өткендей, бұл кедендік баждардан толықтай жалтаруды танытады.
"Шетелдік маркетплейстердің жасаған операциялары бойынша ҚҚС-тан жалтаруынан бюджет 2023 жылы өндірістегі жұмыс орындарынан алынбаған ЖТС-ті есепке алмағанда, 60 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, тура сол импортталатын тауарлар бойынша қазақстандық маркетплейстердің фискалдық жүктемесі 16,3% -ды құрайды, яғни төрт есе жоғары. Жергілікті платформалар арқылы қызмет жүргізетін қазақстандық кәсіпкерлер 62%-ға дейін түрлі алымдар төлеуге міндетті", - деді Перуашев өзінің депутаттық сауалында.
Temu,Amazon және AliExpress сияқты шетелдік маркетплейстер салықтар мен баждарды төлемеуге тырысады, өйткені олар тікелей Қазақстан ішінде жұмыс істеп жатқан жоқ.
"Біз бұл жағдайды импортқа салық салудағы үлкен алшақтық деп санаймыз, бұл оларға қазақстандық өндірушілер алдында әділетсіз бәсекелестік артықшылықтар алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте электрондық коммерция көлемі екі жыл сайын екі есеге артып отыратынын есте ұстаған жөн. Биылғы жылы шетелдік маркетплейстерден бюджетке түспей қалған ақша 250 млрд теңгеден асады. Бұл көп жағдайда қазақстандық кәсіпорындарды ығыстыру, олардың жұмыс орындарын жабу сынды салдарды сипаттайды", - деп сөзін толықтырады мәжілісмен.
Депутат мына шараларды ұсынады:
- Қазақстанның салық органдарында шетелдік маркетплейстерді міндетті тіркеу туралы талап енгізілсін;
- Үндістанның үлгісі бойынша шетелдік маркетплейстер үшін қазақстандық алаңдармен және өндірушілермен ынтымақтастық жөніндегі міндеттемелерді енгізу туралы мәселесі қарастырылсын;
- шетелдік тұтынушылар үшін қазақстандық тұтынушылардан алынған табыстардан алынған секілді ҚҚС және басқа да салықтарды төлеуді міндеттеу;
- шетелдік сауда желілері арқылы сатылатын бажсыз сауда параметрлерін төмендету немесе нөлге теңестіру мәселесін қарастыру;
- халықаралық төлем жүйелерімен интеграциялау, сервистер мен логистиканы ұйымдастыруға жәрдемдесуді қоса алғанда, отандық интернет-коммерция мен оның қатысушылары үшін мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу.
Перуашев бұл шаралар, сондай-ақ тиімсіз шығындарды азайту бюджет тапшылығын жою іс-қимылында едәуір ықпал ете алады деген қорытындыға келеді.
Бұған дейін Үкімет шетелдік маркетплейстерге қатысты заң күшейтілетінін ескертіп, осы ретте сауда және интеграция министрлігіне бірқатар тапсырма берілген. Қазір Қазақстанда 101 шетелдік компания тіркелген, оның ішінде Huawei, Aliexpress, Google, Apple, Netflix және басқа да халықаралық құрылымдар бар. 3 жылдың ішінде бұл компаниялар 75 млрд теңгеге салық төледі. Былтырғы сома - 35 млрд теңге. 2024 жылдың соңында Temu, Pinduoduo және Alibaba компаниялар тобы шартты тіркеуден өтті.