Кейінгі жеті жылда Қазақстан экономикасында қандай өзгерістер болды? Цифрландыру, қаржы секторындағы реформалар, инвестиция тарту және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту бағытындағы саясат қаншалықты тиімді нәтиже берді? Экономистер Арман Байғанов пен Мұрат Қастаев Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұсындағы экономикалық саясаттың нәтижелерін саралап, алдағы мүмкіндіктерін талдады.
Экономист Арман Байғановтың пікірі
Экономист, R-Finance сарапшысы Арман Байғановтың сөзінше, экономикалық өзгерістердің бір бөлігі оң нәтижесін беріп жатқанымен, кейбір реформалардың толық әсерін көру үшін әлі де уақыт қажет.
“Қазақстанда цифрландыру өте қатты дамып жатыр. Әсіресе Тоқаев келгеннен кейін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру айтарлықтай күшейді. Көптеген мемлекеттік қызмет онлайн форматқа көшіп, азаматтарға ыңғайлы бола түсті. Мысалы, құжат рәсімдеу, көлік тіркеу секілді қызметтерді интернет арқылы алуға мүмкіндік бар”, - дейді ол.
Айтуынша, қазіргі таңда ең маңызды бағыттардың бірі - цифрлық валюта.
“Бүгінде оның алғашқы алғышарттары жасалды. Мысалы, “Даму” қаржыландыру жобасы аясында қаржыландыруды цифрлық теңге форматында жүргізу бойынша жұмыстар қолға алынды. Қазір цифрлық валютаны заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін экономикалық заңдар да әзірленіп жатыр. Бұл да маңызды мәселе”, - деп қосты ол.
Экономист криптовалюлар мен жалпы цифрлық қаржы құралдарына қатысты жұмыстар да қарқын алғанын алға тартты. Оның пікірінше, бұл қаржы нарығын жаңа деңгейге шығарып, экономиканың заманауи талаптарға бейімделуіне жол ашады.
“Бұдан бөлек, Тоқаевтың кезінде банк жүйесінде де елеулі реформалар жасалды. Атап айтқанда, базалық және әмбебап лицензия енгізілді. Бұл қаржы секторын либерализациялап, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Микроқаржы ұйымдарын банктік емес қаржы ұйымдарына айналдыру арқылы да өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар соңғы өзгерістер қаржы секторын дамытуға бағытталды. Исламдық қаржыландыруды дамыту мәселесі де қарастырылып жатыр. Яғни әмбебап лицензиясы бар ірі банктер енді жеке акционерлік қоғам құрмай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттарымен стандартты несие бере алады”, - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, бұл қадам қаржы нарығына жаңа серпін беріп, бизнес үшін қолжетімді әрі арзан қаржыландыру көздерінің көбеюіне түрткі болады.
Арман Байғановтың сөзінше, кейінгі кездері ауыл шаруашылығын қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр.
“Соңғы жылдары аграрлық секторды қолдау көлемі бірнеше есе артты. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру мақсатты түрде дамып, инновациялық тәсілдер арқылы жүзеге асырылып отыр”, - дейді экономист.
Сонымен қатар сарапшы өңірлерді дамыту бағытындағы жаңа тәсілдерге де оң бағасын берді.
“Қазіргі уақытта әкімдіктерде өңірлік даму бойынша тәуекел карталары жасалып жатыр. Яғни қай өңірлерге бірінші кезекте қаржыландыру қажет, қай жерде қолдау керек, қай жерде инфрақұрылымдық жобалар қажет – соның бәрі анықталып жатыр. Бұл жұмыстар енді кешенді талдау арқылы жүргізіледі”, - деді ол.
Экономист тағы бір маңызды бағыт ретінде шетелдік инвесиицияларды тарту екенін атап өтті.
“Қазір облыс және өңір әкімдіктерінің негізгі басымдықтарының бірі – инвестиция тарту. Бұл да өте маңызды қадам”, - деді ол.
Оның пайымынша, кейінгі жылдары жүргізілген реформалар ел экономикасын айтарлықтай үлес қосып жатыр.
“Назарбаевтың кезінен басталған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жүйесі Тоқаевтың тұсында өркендей түсті. Қазір мемлекеттік қызметтердің тізімі де ұлғайды. Біздің мемлекеттік қызметтер жүйесі көптеген елмен салыстырғанда жақсы цифрландырылған деп айтуға болады. Мәселен, қызметтің түр-түрін онлайн алуға болады: тіркеу, көлік рәсімдеу, құжаттар алу және басқа да қызметтер. Осы бағытта Қазақстан әртүрлі халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткішке ие. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша біз біраз елдің арасында көшбасшылардың қатарындамыз”, - деп түйіндеді ол.
Экономист Мұрат Қастаев не дейді?
Сарапшының пікірінше, ел экономикасында оң үрдіс бар, алайда реформалардың қарқыны тым баяу.
“Президент Тоқаев билікке келгеннен бері экономикамыз түбегейлі өзгерді немесе айтарлықтай жақсарды деп айта алмаймын. Алайда белгілі бір оң үрдістер бар. Бірақ қарқыны шабан”, - дейді ол.
Оның айтуынша, жақсы нәтижелердің бірі - Қазақстанның экономикалық әртараптандырылған саясат жүргізіп отырғаны.
“Қазақстан әлемнің көптеген елімен тең дәрежеде сауда жасап отыр. Әрине, Қытай мен Ресейдің үлесі басым. Соған қарамастан, Еуропа, Түркия, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерімен де экономикалық байланыстарды дамыту жалғасып жатыр. Президенттің кәсіби дипломат болғаны да маңызды рөл атқарады. Ол әлемдік деңгейде еркін қарым-қатынас орната алады, ағылшын және қытай тілдерінде аудармашыларсыз сөйлесе алады. Бұл инвестиция тартуда да маңызды фактор”, – деді ол.
Қастаев кейінгі жылдары Қазақстанның транзиттік әлеуеті де артып келе жатқанын атап өтті.
“Бұл тек президенттің жетістігі емес. Бұл – Украинадағы соғыстың салдары. Дегенмен Қазақстан бұл жағдайды өз пайдасына тиімді пайдалана алды”, – дейді экономист.
Сондай-ақ ол қазіргі биліктің цифрландыру мен жаңа технологияларға көңіл бөліп отырғанын алға тартты.
“Президент Тоқаев цифрландыру, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект бағыттарын жақсы түсінеді әрі олардың дамуын қолдайды. Қазіргі қарқынды өзгеріп жатқан заманда бұл өте маңызды. Егер біз бұл бағытта артта қалсақ, әлемдік экономиканың шетінде қалып қоюымыз мүмкін”, – деп қосты ол.
Сарапшы Қазақстан экономикасында әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер көп екенін жеткізді.
“Біздің экономика әлі де мұнай мен басқа да шикізатқа тәуелді. Біз көбіне дайын өнім емес, табиғи ресурстарды өңдемей сыртқа сатамыз. Сол себепті табыс көлемі де аса жоғары емес. Егер шикі мұнайдың орнына бензин, авиакеросин, химиялық өнімдер, пластмасса, резина сияқты дайын тауарлар шығарсақ, ел табысы әлдеқайда жоғары болар еді. Сонымен қатар ондаған мың өндірістік жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туар еді”, – дейді экономист.
Оның айтуынша, мұнай экспортында да Қазақстан Ресейге тәуелді болып отыр.
“Біздің мұнай экспортымыздың шамамен 90 пайызы Ресей арқылы жүзеге асады. Сол себепті біз энергетикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді болып отырмыз. Бұл соңғы 20–30 жыл бойы толық шешілмей келе жатқан мәселе”, – деді ол.
Сарапшы ауыл шаруашылығы саласында да әлеует толық пайдаланылмай отырғанын айтты.
“Қазақстанда жер де, су да, табиғи ресурстар да жеткілікті. Бірақ соған қарамастан ауыл шаруашылығын толық көтере алмай отырмыз. Бүгінде көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Беларусьтен келген ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынып жүрміз”, – дейді Қастаев.
Экономист мемлекет экономикадағы үлесін азайту қажеттігін де атап өтті.
“Экономикада мемлекеттің үлесі әлі де жоғары. Самұрық, Бәйтерек сияқты ірі мемлекеттік холдингтер аса үлкен пайда әкелмесе де қысқартылған немесе жойылған жоқ. Бұл да экономиканың тиімді дамуына кедергі келтіреді”, – деді ол.
Сонымен қатар сарапшы шетелдік инвестиция тарту үшін институционалдық реформалардың маңызды екенін атап өтті.
“Ірі инвестиция тарту үшін инвесторларға дамып жатқан экономика, тұрақты валюта, саяси реформалар, жемқорлықпен күрес, тәуелсіз сот жүйесі және жұмыс істейтін заңдар қажет”, – дейді ол.
Мұрат Қастаев ұлттық бизнесті дамыту үшін мемлекет кәсіпкерлерге кедергі келтірмеуі керек деп санайды.
“Кәсіпкерлерге мемлекеттің ерекше көмегі қажет емес. Мемлекет ең алдымен бизнеске кедергі жасамауы тиіс. Кәсіпкерлердің негізгі талаптары – жемқорлықты азайту, салықтарды төмендету және бизнес жүргізуге қолайлы инфрақұрылым жасау. Ал бізде мемлекет көбіне бизнесті экономиканың тірегі ретінде емес, бюджетті толтыру көзі ретінде қарайды”, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, мемлекет стратегиялық маңызы жоқ салалардан шығып, жеке бизнестің дамуына мүмкіндік беруі керек.
“Жаңа технологияларды енгізетін де – бизнес. Жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлейтін де – бизнес. Қызметкерлердің жалақысын көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартатын да – бизнес. Сондықтан кәсіпкерлерді барынша қорғап, олардың жұмысына жағдай жасау керек”, – деді экономист.
Оның сөзінше, салық саясаты кәсіпкерлерді инвестицияға ынталандыруы тиіс.
“Егер кәсіпкер ақшаны жеке табыс ретінде шығарса, жоғары салық төлесін. Ал егер сол қаржыны қайта бизнеске инвестицияға, қызметкерлердің жалақысын көтеруге, ғылым мен инновацияға немесе қайырымдылыққа жұмсаса, онда салық төлемеуі керек. Сонда кәсіпкерлер ақшаны мемлекетке төлеуден гөрі өз бизнесін дамытуға жұмсайды. Нәтижесінде экономика мен қоғам үшін пайда әлдеқайда көп болады”, – деді ол.
Экономист Қазақстанның әлеуетіне сенім білдірді.
“Мен шетелмен көп жұмыс істеймін. Екі жыл Араб Әмірліктерінде бизнеспен айналыстым, қазір екі жылдан астам уақыт АҚШ-та кәсібімізді жүргізіп жүрмін. Басқа елдердің қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын көріп, Қазақстанның артта қалып бара жатқанына алаңдаймын. Бірақ біздің елдің мүмкіндігі өте үлкен. Қазақ жастары әлемнің көптеген елінде жоғары деңгейде жұмыс істеп жүр. Бізде білім де бар, қабілет те бар, еңбекқорлық та бар”, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі компаниялар да қалыптасып үлгерген.
“Қазақстанның өзінде әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті компаниялар бар. Мысалы, Kazatomprom, Kaspi.kz, Freedom Holding Corp. және eGov.kz сияқты жобалар шынымен де халықаралық деңгейде жұмыс істеп отыр”, – деді экономист.
