Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесінде шетелдік жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алуға екі жылға шектеу енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2026 жылғы 11 наурыздан бастап күшіне енген қаулыға сәйкес, мемлекеттік сатып алу тендерлеріне енді тек отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген кәсіпорындардың өнімдері ғана қатыса алады. Осылайша, жеңіл өнеркәсіп саласындағы шетелдік тауарлардың мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысуы уақытша шектеліп отыр.
Бұл талаптан Қазақстанда өндірілмейтін өнімдер ғана тыс қалады. Яғни елде әзірге шығарылмайтын тауарларды сатып алуға рұқсат беріледі.
Қазіргі уақытта Өнеркәсіп комитеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған шектеуге енгізілетін тауарлардың нақты тізімін әзірлеуде.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға және ішкі өндірісті дамытуға бағытталған.
