Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлық: психолог қауіпті құбылыстың басты себептерін атады

Қаракөз Амантай 12 нау. 2026 10:00

Бүгінде Қазақстанда балалардың психологиялық саулығы қоғам назарындағы ең маңызды мәселелердің біріне айналды. Себебі кейінгі уақытта жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті. Бұл қауіпті құбылыстың астарында не жатыр? Психолог Лимана Құттыбекқызы Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында оның негізгі себептері мен алғашқы белгілері туралы ашып айтты.

Суицидтік мінез-құлықтың себептері

Психолог өзі жұмыс істейтін республикалық «Сенім» телефонына ата-аналардан, ересектерден және жасөспірімдерден күн сайын көптеген қоңырау түсетінін жеткізді. Сөзінше, кейінгі жылдары аталған тақырыпқа қоғам тарапынан көбірек көңіл бөліне бастаған.

«Бұрын бұл бағытта мүлдем жұмыс істелмеді деп айтуға келмейді. Дегенмен қазіргі қолға алынып жатқан бастамаларды өте жақсы қадам деп бағалауға болады. Өйткені арнайы психологтар туралы заңнама өзгеріске ұшырап, қабылдану алдында тұр. Бұл салада үлкен өзгерістер болғалы жатыр», – дейді ол.

Психолог суицидтік мінез-құлық ешқашан бір ғана себептің салдарынан болмайтынын атап өтті. Айтуынша, мұндай жағдай көбіне әлеуметтік, отбасылық, психологиялық факторлардың қабаттасуынан туындайды.

«Сонымен қатар психикалық ауытқулар да себеп болуы мүмкін. Ол тұқым қуалауы мүмкін немесе бала өмірде ауыр соққы алуы мүмкін. Бұған қоса гормоналдық өзгерістер де әсер етеді. Мұның барлығы медициналық тұрғыдан да қарастырылатын факторлар.

Ал психологиялық тұрғыдан қарасақ, жиі кездесетін себептердің бірі – отбасындағы эмоционалдық байланыстың әлсіреуі. Кейбір балалар ата-анасымен ашық сөйлесе алмайды, өзін түсінетін адам жоқ деп сезінеді. Сонымен қатар мектептегі буллинг, құрдастар арасындағы сатқындық, жеке құпияның жарияланып кетуі, ұятқа қалдыру немесе әлсіз тұсынан ұстап қорлау сияқты жағдайлар да әсер етеді. Кейбір балалар қарызға кіріп кетуі немесе ойындарға тәуелді болуы да мүмкін», – дейді ол.

Жасөспірімдердің психологиялық күйіне әсер ететін факторлар

Құттыбекқызының айтуынша, жасөспірімдердің күйіне әсер ететін жағдайлар өте көп. Соның ішінде отбасындағы тұрақсыздық, жанжалдың жиі болуы, баланың қараусыз қалуы себеп болып жатады.

«Кейбір отбасыларда балалардың киімі, тамағы бар болғанымен, олар өзін қажетсіз сезінеді. Бұл – эмоционалдық қараусыздық деп аталады. Кейде ата-аналар өз мәселелерімен айналысып, баланы ұмытып кетеді. Мұндай балалар мектепте буллингке жиі ұшырайды.

Сонымен қатар әлеуметтік желідегі қысым, өзін басқалармен үнемі салыстыру да баланың психологиялық жағдайына әсер етеді. Бала жылу іздейді, қамқорлық күтеді. Кейбір ата-аналар балаларға өте үлкен талап қояды: оқу, спорт, музыка – бәрін бір баланың мойнына артып қояды. Жасөспірім кезеңінде тұлға қалыптасып жатқандықтан, мұндай сыртқы факторлар олардың психикасына қатты әсер етеді», – дейді ол.

Маман қазіргі таңда әлеуметтік желінің әсері де орасан екенін жеткізді.

«Кішкентай бала суицидтің не екенін көп жағдайда білмейді. Ол мұндай ұғымды әлеуметтік жіледен, теледидардан немесе басқа жерден де естіп біледі. Сонымен қатар күмәнді топтар да кездеседі. Мұнда өзіне қалай қол салу керегі көрсетіледі. Тіпті суицид жасағаннан кейін анимациялық сипатта түсіндіретін материалдар да бар екен. Мұндай құбылыстарды кейде секта деп те айтуға болады. Өкінішке қарай, көпшілік қауіп-қатердің бар екенін байқай бермейді», – деп қосты ол.

Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердегі суицидтік ойлар көбіне жалғыздық сезімімен және өзін қажетсіз сезінумен байланысты болады. Психолог әлеуметтік желілерде жеке суреттердің таралуы да балаларға ауыр психологиялық соққы болуы мүмкін екенін мысал ретінде келтірді.

«Мысалы, бір қыз бала іш киіммен түскен суретін құрбыларына көрсеткен. Кейін ол сурет тарап кетіп, қыз бала қатты ұялып, өзіне қол салуға әрекет жасаған», – дейді психолог.

Алғашқы белгілері

Маманның айтуынша, суицидтік мінез-құлықтың алғашқы белгілері көбіне баланың мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы байқалады.

«Бұрын қызыққан ісіне қызығушылығы жоғалады. Футбол ойнайтын бала одан бас тартады. Тұйықталып, жалғыз қалуға тырысады. Кейде бала өзін артық адам секілді сезінеді. Мәселен, «мен болмасам, сендер бақытты болар ма едіңдер», «мен сенің армандарыңа кедергі жасап жүрген шығармын» деген секілді сөздер айтуы мүмкін. Сондай-ақ ұйқы режимі мен тәбеті өзгереді. Кейде бала өте көп ұйықтайды немесе ұйықтай алмайды. Мұндай жағдайда невропотолог немесе психотерапевтің көмегі қажет болуы мүмкін», – деп толықтырды ол.

Кеңес

Лимана Құттыбекқызы ата-аналар баланың мінез-құлқындағы күрт өзгерістерге міндетті түрде назар аудару керегін айтады.

«Егер бала агерессивті болып кетсе, достарымен сөйлесуін тоқтатса, тамақ ішпей қойса және жуынбай жүрсе – бұл дабылды белгі. Кей балалар тырнағын тістелеп, шашын жұлып тастайды. Бұл жүйке жүйесінде өзгерістер бар екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, көп ата-ана бұл белгілерге мән бермейді. Кейде балалар өздеріне қымбат қымбат заттарын басқаларға таратып береді. Бұл да қауіпті белгі болуы мүмкін. Бала өмірге пессимистік көзқарас білдіре бастаса, ата-ана дереу арнайы мамандарға жүгінуі қажет», – деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove