Freedom Inside '26

Миллиардтар мен биткоиндар: түрмеде жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы сотқа талап арыз жолдады

Миллиардтар мен биткоиндар: түрмеде жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы сотқа талап арыз жолдады
Tengrinews.kz

Сотталған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әлеуметтік желідегі парақшасында көпмиллиардтық азаматтық дау жөнінде мәлімдеме жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұхамедиұлының жазуынша, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен одан мемлекет пайдасына 3,5 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген. Бұл қаржы мемлекетке келтірілген залалды өтеуге бағытталуы тиіс болған.

Сонымен қатар, Мұхамедиұлы тарапының мәліметінше, астаналық кәсіпкер Серік Карымсақов экс-министрдің жұбайына 2,7 млрд теңгені қайтаруға міндеттелген. Отбасы бұл қаражатты мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындауға жұмсамақ болғанын айтады.

Алайда кейінірек соттың тағы бір шешімі қабылданып, Серік Карымсақовтың пайдасына Арыстанбек Мұхамедиұлынан, оның жұбайы мен қайын енесінен 4 млрд теңгеден астам қаржы өндірілген.

«Биткоин салынған флешка» дауы

Мұхамедиұлының мәлімдеуінше, бұл талаптың негізінде Арман Байқадамның «биткоин салынған флешканы тапсырдым» деген уәжі жатыр.

Іс материалдарына сәйкес, Арман Байқадам мен Серік Карымсақов арасында талап ету құқығын беру туралы келісім жасалған. Сол келісім бойынша Байқадам Мұхамедиұлына, оның жұбайы мен қайын енесіне қатысты 4,131 млрд теңге көлеміндегі талап ету құқығын Карымсақовқа берген.

Экс-министр бұл талаптың заңдылығына күмән келтіреді. Оның айтуынша, сотта флешканың нақты тапсырылғаны, оның ішінде биткоин болғаны, сондай-ақ цифрлық активтің құны қалай есептелгені жөнінде жеткілікті дәлелдер ұсынылмаған.

Келісімді жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілген

Қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы Арман Байқадам мен Серік Карымсақов арасындағы келісімді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз түсіргенін хабарлады. Іске Астана қаласының прокуратурасы, Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі және басқа да мемлекеттік органдар тартылған.

«Қаражат мемлекетке ме, әлде жеке тұлғаға ма беріледі?»

Мұхамедиұлы бұл сот процесінің нәтижесі маңызды мәселені шешуі мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, дау мемлекетке келтірілген залалды өтеуге бағытталуы тиіс қаражаттың тағдырына қатысты болып отыр. Сондай-ақ экс-министр бұл істі ашық, жария және бейтарап түрде тергеуге шақырып, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударуға үндеді.

Айта кетейік, жарияланған ақпарат әзірге Арыстанбек Мұхамедиұлының жеке мәлімдемесіне негізделген. Іс бойынша қарсы тараптың ұстанымы мен соттың ресми түсіндірмесі жарияланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін экс-министр Мұхамедиұлымен байланысты болған 1,3 миллиард теңгенің активі мемлекетке қайтарылған болатын