Apple 2027 жылы камерасы бар AirPods пен жаңартылған жиналмалы iPhone шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Apple компаниясы алдағы жылдары өз тарихындағы ең ауқымды өнімдерді таныстыруға дайындалып жатыр. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Басылым мәліметінше, 2027 жылдың соңына дейін компания камерамен және жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған AirPods, екінші буындағы жиналмалы iPhone және iPhone желісінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық смартфонды шығаруды көздеп отыр.
Жаңа AirPods Apple-дың жасанды интеллектке негізделген алғашқы құрылғыларының бірі болуы мүмкін. Құлаққаптарға орнатылатын камералар сурет немесе видео түсіруге арналмайды. Олар пайдаланушыны қоршаған ортаны талдап, алынған ақпаратты Siri жүйесіне жеткізіп отырады. Соның арқасында қолданушылар айналасындағы заттар туралы сұрақ қойып, кеңес, ұсыныс немесе бағыт-бағдар ала алады.
Сонымен қатар, Apple ақылды көзілдіріктер мен жасанды интеллектіге негізделген басқа да құрылғыларды әзірлеуді жеделдетіп жатыр.