2025 жылдың аяғында автонесиеге балама ретінде ұсынылған жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы іс жүзінде кең қолданысқа енген жоқ. Іске қосылғанына үш ай өтсе де, нарықта мұндай келісім өте аз жасалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл жағдай сала қауымдастықтарының дерегімен салыстырғанда айқын байқалады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 200 мың жаңа көлік сатылады, ал олардың едәуір бөлігі автонесие арқылы рәсімделеді.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Әйгерім Ілиясованың айтуынша, негізгі мәселе - автолизингтің түрлерін көпшіліктің дұрыс түсінбеуінде.
Сарапшының сөзінше, операциялық лизинг пен қаржы лизингі - екі түрлі модель. Операциялық лизинг қысқа мерзімді жалға беру түріне жатады. Әдетте екі жылға дейінгі мерзімге беріледі, ал клиент көлікті сатып алмай-ақ пайдаланып, кейін басқа көлікке ауыстыра алады. Мұнда төлемдер көліктің толық құнын жаппайды.
Ал қаржы лизингі ұзақ мерзімге беріледі және кейін көлікті сатып алу міндетін қамтиды. Бұл жағдайда төлемдерге көліктің толық бағасы мен лизинг берушінің сыйақысы кіреді. Сонымен қатар, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, көлік салығы сияқты қосымша шығындарды да клиент төлейді.
Әйгерім Ілиясова Қазақстанда лизинг нарығы 2000 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, алайда бұрын мұндай қызметті негізінен заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер пайдаланғанын айтты.
Оның пікірінше, халық операциялық лизингті күтті. Алайда мұндай жүйе жұмыс істеуі үшін пайдаланылған көліктерді қайта өткізу нарығы дамыған болуы керек. Яғни көлік прокаты, қайта лизингке беру немесе ескі көліктер аукционы сияқты жүйелер қалыптасуы қажет.
Қазақстанда лизинг компаниялары әзірге тек қаржы лизингін ұсына алады. Сондықтан ұсынылған автолизинг іс жүзінде автонесиеге ұқсас өнімге айналды, тек көліктің меншік құқығы бірден берілмейді. Соның салдарынан оған сұраныс жоғары болмады.
Сарапшы мұндай жағдайда автолизингтің басты артықшылығы оның арзан болуы қажет екенін айтты. Алайда лизинг компаниялары қаражатты банктерден алатындықтан, оның құны автонесиеден төмен болмады.
Лизинг төлемдерін азайту үшін жеңілдетілген қаржыландыру бөлу, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау немесе лизинг төлемдерін салықтан босату сияқты шаралар қажет. Бірақ мұндай бастамаларға қосымша бюджет қаржысы керек.
