Тоқаев қазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтады

Қаракөз Амантай 01 мам. 2026 09:46

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай қазақстандықтарға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент бұл күнді қоғамдағы татулық пен өзара құрметті дәріптейтін маңызды мейрам ретінде атап өтті.

"Бұл – қоғамымыздың мызғымас құндылықтарын паш ететін қастерлі мейрам. Бірлік күні халқымыздың тілектестігі мен ауызбіршілігі, өзара сыйластығы мен құрметі, отаншылдығы мен перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен дәріптеледі.

Кезінде тағдырдың жазуымен елімізде тұрақтаған түрлі этнос өкілдері Қазақстан атты киелі Шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – бәрімізге ортақ игілік.

Дана халқымыз "Татулық – таусылмас бақыт" деп бекер айтпаған. Біз – бейбіт заманның қадірін білетін, айналасына жанашырлықпен қарайтын, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын елміз. Бұл – біртұтас ұлтымыздың болмысына тән қасиет. Біз осы бірегей дәстүрді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев бірлік, ынтымақ және этносаралық татулық қағидаттары Конституцияның преамбуласында бекітілгенін атап өтті.

“Біздің көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, тілегіміз – бір. “Бірлігіміз – әралуандықта” формуласы мемлекеттік саясат пен азаматтарымыздың күнделікті өмірінің өзегіне айналды.

Сондықтан біз бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарын жаңа Конституцияның преамбуласында нақты көрсеттік.

Бұл – Қазақстан халқының саналы түрде жасаған таңдауы. Себебі азаматтарымыз баршаға бірдей құқықтар мен мүмкіндіктер беретін елде, әділ, тұрақты және бақуатты қоғамда тұруды қалайды”, - дейді ол.

Сондай-ақ Президент “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы елдегі жаңғыру үдерісінің негізі болатынын жеткізді.

“Біздің тарихымыз, бүгініміз және болашағымыз – бір. Бұл –Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухының айқын көрінісі. Біз бәріміз бір ел болып жұмылып, өсіп-өркендеу жолында биік белестерді бағындыра беретінімізге  кәміл сенемін.

Қымбатты отандастар, баршаңызға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін”, - деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove