Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы күрт өсті деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Dala News.
Денсаулық сақтау министрлігі кейбір БАҚ-да жарияланған 52–66% өсім туралы мәліметтер расталмайтынын мәлімдеді.
Министрліктің ресми ақпараты бойынша, науқастарға түсетін қаржылық жүктемені азайту және негізсіз үстеме бағаларды болдырмау үшін дәрілерге шекті баға белгілеу механизмі енгізілген. Қазір бөлшек саудада сатылатын 4994 дәрі атауына шекті баға бекітілген.
20 өңірде жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, 2026 жылдың наурызында 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 631 дәрінің бағасы орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Сонымен қатар дәрілердің 50%-дан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталған, ал 25%-ында төмендеу байқалған.
Сонымен бірге 1707 рецептісіз сатылатын дәрі мемлекеттік реттеуге жатпайды. Бұл санаттағы препараттардың бағасы нарық қағидаттарына сәйкес қалыптасады: кейбірінде өсім 5–15% аралығында болса, кейбірінде 11%-ға дейін төмендеу тіркелген.
Мысалы, парацетамол бағасы 200 теңгеден 188 теңгеге дейін төмендеген, ал белсендірілген көмір 130 теңгеден 144 теңгеге дейін қымбаттаған.
Сондай-ақ тіркелген дәрілердің 44%-ы, яғни 3000-нан астамы ҚҚС-тан босатылған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар 1200 дәрі бөлшек саудада да салықтан босатылған.
Министрлік дәрі бағасын реттеу және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
