Таразда полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жеке тінту кезінде одан өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған зип-пакеттер табылып, тәркіленді. Кейін оның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында жатын бөлмесінен де осындай орамалар, электронды таразы және есірткіні өлшеп, орауға арналған өзге де құралдар алынды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті әлеуметтік желілер арқылы жұмыс туралы хабарландыруды көріп, кейін есірткі заттарын таратуға байланысты заңсыз қызметпен айналысуға келіскен. Ол жасырын орындардан есірткіні алып, оны бөлшектеп, Алматы мен Тараз қалалары аумағында жасырын орындарға қалдырып жүрген.
Жалпы алғанда, ұсталған күдіктіден 122 грамм Альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
