Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында масаң күйде болған ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға балағат сөздер айтып, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген. Сондай-ақ, қарсылық көрсетіп, оларға күш қолданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға салдарынан полиция қызметкерлеріне дене жарақаттары салынған.
"Мемлекеттік айыптаушы сотта айыпталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді", - деп жазылған Астана прокуратурасының хабарламасында.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы билік өкілдерін қорлау және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
