Алматыда сегіз күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 15 мың дерегі анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полицияны жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқықбұзушылықтар алаңдатып отыр. Атап айтқанда, көлікті мас күйде басқару, қарсы бағытқа шығу, сондай-ақ, көлік жүргізу құқығынсыз көлік тізгіндеу деректері тіркелген. Сонымен қатар, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану деректері анықталды.
4,7 мыңнан аса көлік мамандандырылған айып тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленді.
Алматы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылау шаралары күшейтілгеніне қарамастан, жолдағы қауіп-қатер әлі де сақталып отыр.
"Мас күйде көлік жүргізетіндерге, жүргізуші куәлігінсіз немесе жалған нөмірмен әдейі жүретіндерге ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді", – деді полиция полковнигі Ғалым Сарғұлов.
Іс-шара аясында түнгі сүзгілеу шаралары күшейтіліп, соның ішінде әл-Фараби даңғылында бақылау күшейтілді. Сондай-ақ, полицияның өзге де бөлімшелерін тарта отырып, қосымша патрульдеу ұйымдастырылған.
