Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың жаһандық қауіпсіздікті жалғыз өзі қамтамасыз ете алмайтынын мәлімдеп, елдер арасындағы серіктестіктің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Зеленскийдің айтуынша, қазіргі заманда "қашықтық" ұғымы бұрынғыдай кедергі емес. Ол дрон технологияларының қарқынды дамуы қауіп-қатердің шекарасын кеңейтіп жатқанын жеткізді.
"Америкалықтардың бір нәрсені түсінгенін қалаймын. Біз олардың Еуропадағы сенімді одақтастарының біріміз", – деді Украина президенті.
Оның сөзінше, алдағы жылдары дрондар мыңдаған шақырымға еркін ұшып, тіпті он мыңдаған шақырым қашықтағы нысандарға жетуі мүмкін. Сонымен қатар реактивті қозғалтқыштардың дамуы олардың құнын арзандатып, жаппай қолданылуына жол ашады.
Зеленский болашақта "дрондар тобы" пайда болып, бұл қауіптің ауқымын одан әрі ұлғайтатынын атап өтті.
Ол АҚШ-тың мұндай қауіптерге жалғыз қарсы тұра алмайтынын айтып, халықаралық ынтымақтастықтың қажет екенін жеткізді.
"Сондықтан біз америкалықтарға қажетпіз, ал бізге – Америка Құрама Штаттары қажет", – деп түйіндеді ол.
