Ұстаздар қауымын алаңдатқан сұрақтар: еліміздің бас педагогі маңызды мәселенің нүктесін қойды

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2026 13:09

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестаттауға қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін министр мұғалімдердің пәндік біліктілігін бағалау тесті тоқтатылғанын айтқан еді. Осыдан кейін ұстаздар арасында даулы сауалдар туындаған.

"Біріншіден, бұл уақытша тоқтату емес. Енді ұстаздарымыз пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тестті алып тастадық", - деді ол.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл тестті тапсыратын бір санат бар, бұл санатқа оқу орнын жаңа бітірген түлектер жатады.

"Бұл тестті кім тапсырады? Педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келе жатыр. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет. Осы жаңа ұстаздар екі жылдан кейін педагог модератор біліктілік деңгейіне қадам басқан кезде педагог біліктілік тестін тапсырады. Қалған санатқа өздері аттестацияға тапсыратын бірде бір ұстаз педагог біліктілік тестін тапсырмайды. Педагог біліктілік тестінің аттестацияға ешқандай байланысы болмайды", - деді ол.

Мұғалімдердің портфолиосына қатысты да өзгерістер күтіп тұр.

"Портфолио жинақтау енді электрон форматта болады. Ұстаз ретінде портфолио, қағаз жинақтап, әркімнен қол жинап жүрмейсіз", - деді шенеунік.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, авторлық бағдарлама бойынша да өзгеріс бар.

"Авторлық бағдарламалар да тоқтатылады. Енді авторлық бағдарлама жазып, ұсынудың қажеті жоқ", - деді Жұлдыз Сүлейменова.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove