Қазақстанда туу көрсеткіші кейінгі 16 жылдағы ең төмен деңгейге жетті. 2025 жылы әр әйел орта есеппен 2,57 бала дүниеге әкелген, деп хабарлайды Dalanews.kz Qumash.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшылардың айтуынша, жиынтық туу коэффициенті – бір әйелдің өмір бойы орта есеппен қанша бала туатынын көрсететін негізгі көрсеткіш. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 0,23-ке төмендеген. Жалпы, туу деңгейі кейінгі төрт жылда азайған. Тек 2021 жылы пандемия кезінде қысқа мерзімді өсім байқалған.
Былтыр Қазақстанда шамамен 335 мың бала дүниеге келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайыз аз. Осылайша елдегі туу деңгейі 2007 жылғы көрсеткішке қайта жақындай түсті.
Бұл жағдай әйелдер санының азаюымен байланысты емес. Керісінше, бала туу жасындағы әйелдер саны артып келеді. 2026 жылдың басында олардың саны 4,79 миллионға жетіп, соңғы 16 жылдағы ең жоғары деңгейге шыққан. Яғни әлеуетті аналар көбейгенімен, дүниеге келетін балалар саны азайып отыр.
Сонымен қатар 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші де төмендеген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 16,43 болып, соңғы 23 жылдағы ең төмен деңгейге жетті.
Ал өлім-жітім деңгейі керісінше төмен күйінде қалып отыр. Сарапшылар мұны Қазақстанның демографиялық өтпелі кезеңге өткенінің белгісі деп түсіндіреді. Яғни адамдар ұзақ өмір сүре бастады, бірақ бұрынғыға қарағанда аз бала тууды жөн көреді. Бұған қалаға көшу, өмір сүру сапасының өзгеруі және отбасылық құндылықтардың жаңаруы әсер етуде.
Қазір Қазақстан осы демографиялық өзгерістің үшінші кезеңінде тұр және біртіндеп келесі кезеңге жақындап келеді. Бұл кезде туу мен өлім деңгейі теңесіп, халық санының өсуі баяулайды.
Соған қарамастан, ел халқы әлі де өсіп жатыр. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан халқы 20,5 миллион адамға жетті. Бірақ өсім қарқыны баяулаған – жылдық өсім небәрі 1,1 пайызды құрап, соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды.
